$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
06.01.2020, 14:45
Қоғам

Қазақстан азаматтары ЭКО қызметіне тегін жүгіне алады

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қатысатын азаматтар жылына бір рет жасанды жолмен ұрықтандыру қызметіне тегін жүгіне алады

Қазақстан азаматтары ЭКО қызметіне тегін жүгіне алады

Бірақ, бұл қызмет бұрынғыдай, квота арқылы беріледі. Яғни, жасанды жолмен сәби сүйгісі келген адам сақтандыру жүйесіне қатысып отырса да, алдымен квотаға ілінуі керек.

«Эко» қызметі міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қызметінің ішіне кіреді. Оған жыл сайын квота бөлінеді. Квота бойынша сақтандырылған азаматтар эко қызметін жылына бір рет тегін алады деуге болады», - дейді «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру» қорының басқарма төрағасы Айбатыр Жұмағалиев.

Жалпы, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап іске қосылған міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының аясында бұрын ақылы болған кейбір медициналық қызметтер тегін болады. Бірақ, тек сақтандырылған азаматтар үшін.

«Бірінші қаңтардан бастап Денсаулық сақтау министрлігі міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры деген үлкен жобаны іске қосты. Енді азаматтар үшін медициналық қызметтер екі пакетке бөлінеді. Бірінші пакет – мемлекет тарапынан сақтандырылған-сақтандырылмағанына қарамастан, бүкіл азаматтарға жедел жәрдем, санитарлық авиация қызметтері, сондай-ақ, бұрынғы кепілдендірілген медициналық қызметтер түрі тегін болады.

Қосымша пакет немесе МӘМС пакетінің артықшылығы – бұрын ақылы, қымбат болған компьютерлік томография, МРТ, аурудан кейіншгі сауықтыру шаралары, қымбат медициналық қызметтер мен дәрі-дәрмектер сақтандыру қорына қатысатын азаматтар үшін тегін болады. Қызмет ақысы сақтандыру қоры арқылы жабылады», - деп түсіндірді бүгінгі баспасөз мәслихатында денсаулық сақтау вице-министрі Олжас Әбішев.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басқарма төрағасы Айбатыр Жұмағұловтың айтуынша, бір азаматтан сақтандыру қорына алынатын сома (неше жерде жұмыс істесе де) алты мың теңгеден аспайды.

 «Тіпті, жалақыңыз 400 мың теңге жалақы алсаңыз да ортақ сома алты мың теңгеден аспайды», - дейді ол.

Жалпы, 2019 жылдың қыркүйегіндегі мәліметке сүйенсек, қорға түскен сақтандыру жарналары 214 млрд теңгеден асқан.

Міндетті әлеуметтік сақтандыру қорына жұмысшы үшін жұмыс беруші, жеке кәсіпкер өзіне және қоластындағы азаматтарға сақтандыру салығын  төлеп тұруы тиіс. Зейнеткер, «Алтын алқа», «Күміс алқа» иелері, 18 жасқа толмаған балалар, студенттерді қосқанда, 15 санаттағы азаматтар үшін мемлекет сақтандыру жарнасын төлейді.

Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан 

Серіктес жаңалықтары