«Сергек» камералары сақтандыру полисін тексеріп, айыппұл жолдауы мүмкін

Жол ережесін бұзғандарға салынатын айыппұл өсті 

«Сергек» камералары сақтандыру полисін тексеріп, айыппұл жолдауы мүмкін

Сақтанғанды «Сергек» те сақтайды

«Сергек» десе селт ете қалатын көлік жүргізушілердің ерте бастан қамданғаны дұрыс. Биылдан бастап, қырағы «робот» автокөліктің сақтандыру полисі бар-жоғын анықтап,  жүргізушіге «ыстық сәлемдеме» жолдауы мүмкін. Демек, сақтандыру құжаты жоқ жүргізушілерге 10 айлық есептік көрсеткіш (әрі қарай - АЕК), бүгінде 26 мың теңге болатын айыппұл «онлайн» салынады. Нұр-Сұлтан қалалық полиция басқармасының аға инспекторы Бауыржан Тоқжұманов «Azattyq Ruhy» тілшісіне берген сұхбатында «Сергекке» қатысты соңғы жаңалықтармен бөлісті.

 «Сергек» бейнебақылау камераларының  қамтитын қызмет аясын кеңейту былтырдан бері айтылып келеді. Әзірге жауапты органдар мемлекеттік мекемелердің ақпараттық жүйелерін біріктіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.

«Қазіргі таңда ондай өзгертулер енгізу жоспарда бар. Қызметкерлер бұл бойынша жұмыс атқарып жатыр. Сөйтіп өтіп бара жатқан көліктің сақтандыруы бар ма, жоқ па, автоматты түрде анықтай аламыз. Айыппұл SMS-пен келеді. Жоба бар, нақты қашан енгізілетінін айта алмаймыз. Қазір қолданыста жоқ. Жоспар бойынша 2020 жылы енгізілетіні айтылды», - деді.

Сақтандыру полисінің бар-жоғы қалай анықталады?

Инспектор «Сергек» камерасы сақтандыру полисінің  бар-жоқтығын қалай анықтайтынын түсіндіре кетті.

«Негізі «Сергек» жолдағы барлық көлікті суретке түсіреді. Бесеу өтіп бара жатса, бесеуі де түседі. Сосын, өзі іріктеп, қайсысы ереже бұзды, соны шығарып береді. Сақтандыру бойынша да ақпарат  енді бізде көрініп тұрады. Себебі әкімшілік құқықбұзушылықтардың бірыңғай реестрі мен құқықтық статистика комитетінің базасы «Сергекке» байланған. Реестр сақтандыру компанияларының базасымен де біріктіріледі. Полиция қызметкерлерлерінің қолындағы планшеттерге де сол базалар орнатылған. Бәрі бір-бірімен байланысты. Әзірге сақтандырудың бар-жоғын рейд кезінде тоқтатып, планшетпен тексеріп жүрміз», - деді ол.

Ал «Сергек» жүйесін басқаратын «Көркем Телеком» компаниясының баспасөз қызметі қазір жаңа функция бойынша жұмыс істеп, деректер базасын бірізділендіріп қойғандарын айтты. Тек уәкілетті органның шешімін күтіп отыр.

Олардың сөзіне сенсек, негізінен «Сергектің» бейнебақылау бойынша техникалық мүмкіндіктері орасан. Қажетті ақпараттық база болса, оған түрлі қосымша қызметтерді жүктей беруге болады.

Айта кетейік, қазақстандықтар 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап автокөлікті сақтандыру полисінің электронды түріне көшкен. Яғни, қағаз жүзінде алудың еш қажеті жоқ.  Үкіметтің қаулысына сәйкес,  жол полициясына  жүргізуші куәлігі мен техникалық паспортты көрсетуі жеткілікті. Ал полиция  сақтандырудың бар-жоғын, көліктің нөмірі арқылы бірыңғай базадан өз бетінше тексере алады.

АЕК-пен бірге айыппұл да өсті

2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап жол ережесін бұзғандарға салынатын айыппұл көлемі өсті. Себебі айлық есептік көрсеткіш 2525 теңгеден 2651 теңгеге артқан. Ал айыппұлдар АЕК-ке байланғаны түсінікті.

Мәселен, бұрын-соңды  көлікте телефонмен сөйлесіп, қауіпсіздік белбеуін тақпайтындар және кешкілік көлік «фарасын» жақпағандарға 12 625 теңге айыппұл салынса, қазір ол 600 теңгеге көбейіп, 13255 теңгені құрайды. Ал жылдамдықты рұқсат етілген шектен (60 км/сағ) 20-40 км/сағатқа арттырған жағдайда  26510 теңге төлеуге тура келеді.  Бұл былтырғыдан 1260 теңгеге көп.

Сақтандыру полисі болмаса 26530 теңге айыппұл қарастырылған. Барлық айыппұлды 7 күн ішінде 50% жеңілдікпен жауып тастауға болды.

Бір айта кетері, биыл әкімшілік құқықбұзушылық туралы заңға маңызды өзгерістер енгізілді. Онда мас күйінде рөлге отырғандар апатқа себеп болса, тараптарға мәмлеге келуге тиым салынады. Сондай ақ, мас жүргізуші 7-10 жылға сотталып, көлік жүргізу құқығынан өмір бойына айырылады. Яғни, мас күйде көлік жүргізу ауыр қылмыстар санатына жатқызылып отыр. Егер жүргізуші екі мәрте мас күйінде ұсталса,  өмір бойына жүргізуші куәлігінен айырылады.

Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан  

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.