$ 515.18  570.66  6.06
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
26.09.2019, 17:02
Қоғам

Шетелде оқып келгендердің дені халықтың жағдайын түсінбейді - Дана Нұржігіт

Сенатор мемлекекеттік қызметкерді жұмысқа қабылдарда оның ұлттың дәстүрі мен жанын білу деңгейі қатаң ескерілуін сұрады

Шетелде оқып келгендердің дені халықтың жағдайын түсінбейді - Дана Нұржігіт

Бүгін Сенатта Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамадағы өзгерістер талқыланып, заң жобасын таныстыруға келген мәжілісмен Ерсұлтан Бектұрғановқа сенаторлар тарапынан бірқатар сұрақтар қойылды. Мәселен, Дана Нұржігіт мемлекекеттік қызметкерді жұмысқа қабылдарда оның ұлттың дәстүрі мен жанын білу деңгейі қатаң ескерілуін сұрады. Заңнамадағы өзгерістерге қатысты сұраған депутат былтыр Мемлекеттік басқару академиясының комиссия мүшелігінде жүргенде өзі куә болған жайтты айтып берді.

«Шетелге білімін жетілдіруге кетіп бара жатқан менеджерлердің емтиханына куә болдым. Аңғарғаным – кейбіреуі шет тілін меңгерген, бірақ ұлттық менталитеттен ажырап қалған. Өз еліне жатырқай қарап, ертең халықпен жұмыс істей алмайтын қызметкерлер. Ал, біреулері халықпен жұмыс істей алады, бірақ ағылшыншасы төмендеу. Ағылшын тілін білмегеннен олар өсе алмайды. Шет елде оқып келіп, елдегі контексті түсінбейтін, халықтың тамырын ұстап көріп, тыныс-тіршілігін біліңкіремейтін болашақ қызметкерлерден қандай емтихан алынады?», - деп сұрады.

Мәжіліс депутаты Е.Бектұрғанов «Халықпен жұмыс істей алмайды» деп барлық қызметкерге бірдей топырақ шашуға болмайтынын айтты.

«Шетелде оқып келгендердің ішінде 6-7 тіл білетіндері де бар. Халықтың мәдениетін білетіндер де бар. «Болашақ» бағдарламасымен ауылдық жерлерден шыққан балалар да оқу бітірді. Оларды мемлекеттік жұмысқа тарту – мемлекеттік органның басшысына байланысты», - деп жауап қатты Мәжіліс депутаты.

Депутат берген мәліметке сүйенсек, бүгінге дейін «Болашақ» бағдарламасымен 12 мыңға тарта жас шетелдік ЖОО-ларда оқыған. Қазір олардың 570-і мемлекеттік қызметте жүр.

Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары