$ 498.34  519.72  4.85
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
26.09.2019, 16:20
Қоғам

Шымкенттегі жемқорлық жайлаған салалар аталды

Департамент қызметкерлері жыл басынан бері Шымкент қаласы бойынша жемқорлықпен байланысты 41 қылмыстық істі тіркеген

Шымкенттегі жемқорлық жайлаған салалар аталды
inform.kz

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті қызметкерлері жыл басынан бері жемқорлыққа жол берген басшылық лауазымдағы 33 адамды ұстады. Бүгінде солардың 23-і сотталып, қалғанының ісі тергеуде. Істі болған азаматтардың біреуі - республикалық, үшеуі облыстық, екеуі аудандық деңгейдегі мекемелердің басшылары.

Істі болғандардың бірі – «Сайрам-Өгем» табиғи паркі республикалық мемлекеттік мекемесінің бас директоры.

«Ол мемлекеттік бағдарламаны іске асыруға бөлінген бюджет қаражатын жымқыру және қолма-қол ақшаға айналдыру жүйесін ұйымдастырды деген күдікпен ұсталып отыр. Қазіргі уақытта қылмыстық іс сотқа жолданды», - дейді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы Асхат Жұмағали.

Сотталғандардың тағы бірі – ҚР Ауылшаруашылығы министрлігі ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Шымкент қаласы бойынша аумақтық инспекциясы басшысының міндетін атқарушы Нақыпбеков. Ол қоластындағы қызметкерлермен бірге жануарларды тексермей-ақ, ветеринариялық сертификаттарды оңды-солды заңсыз таратып келген.

Шымкенттегі жер қатынастары басқармасында болған пара алу фактілері аз уақыт аралығында бірнеше рет қайталанған. Аталмыш басқарма басшысының орынбасары Нұралиев жер телімін бекіту үшін жеке тұрғын үй компаниясынан 200 мың теңге көлемінде пара алған. Сол үшін сотталған Нұралиевтің орнына жаңадан келген Талипов деген азамат та бір ай өтпей істі болды. Сол кездегі Жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары міндетін атқарушы Талипов жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту үшін кәсіпкерден 400 мың теңге ақшалай сыйлық және қымбат қолсағат алған.

Жалпы департамент қызметкерлері жыл басынан бері Шымкент қаласы бойынша жемқорлықпен байланысты 41 қылмыстық істі тіркеген: құқық қорғау органдарында - 10 қылмыс, ауылшаруашылығы саласында - 5, жер қатынастарында - 3, білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қамтамасыз ету салаларында – бір-бірден. Жемқорлық қылмыстарының басым бөлігі парақорлық (20) пен мемлекет қаржысын жымқырудан (18) тұрады.

Бүгінде департамент мамандары сыбайлас жемқорлықтың алдын-алу мәселелеріне ерекше көңіл бөліп, талдау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Жемқорлық қылмыстарды жасауға ықпал ететін жайларды жою бойынша 100-ден астам ұсыныс берген.

«Сыбайластықтың алдын-алу бойынша сала мамандарымен кешенді шаралар жүргізіліп жатыр. Оның драйвері ретінде бірнеше жобаларды атап өтуге болады. Олар - «Адалдық алаңы», «Protecting business and investments», «Сапалы жол», «Адал ұрпақ», «Саналы Ұрпақ», «Адал жол» және «Ашық бюджеттің интерактивті картасы» жобалары. Бұл жобалардың басты мақсаты әлеуметтік маңызы бар салаларда жемқорлық тәуекелдерін жою», - дейді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысының орынбасары Талғар Серкібаев.

Айта кетейік, қазіргі жағдайда кез келген мемлекеттік орган қоғам тарапынан нақты және пәрменді қолдау арқылы ғана табысқа жете алады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы тиімді іс-қимылды, атап айтқанда, халықтың белсенді қатысуымен ғана жүзеге асыруға болады. Осы орайда, сыбайлас жемқорлықтың барлық жағдайлары бойынша азаматтар Агенттіктің Call-орталығына «1424» нөміріне 24/7 режимінде хабарласа алады.

Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар, бірінші кезекте, мемлекеттік қызмет саласына қатысты бұзушылықтар болып табылады және бұл кездейсоқ емес.

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Қазақстан Республикасының Заңында сыбайлас жемқорлықтың келесі анықтамасы берілген: «... заңда жеке немесе делдалдар арқылы мемлекеттік функцияларды жүзеге асыратын тұлғалар, сондай-ақ оларға теңестірілген тұлғалар өздерінің қызметтік өкілеттіктерін және оларға меншік құқығына ие болу мүмкіндіктері немесе оларды басқа да тәсілдермен пайдалану, сондай-ақ оларды жеке және заңды тұлғалардан заңсыз беру жолымен оларды сатып алу сол игіліктер мен артықшылықтарда көрсетілген.

Мемлекеттік қызметтерді дамыту және мемлекеттік аппараттың жұмысын ақпараттандыру, лауазымды тұлғалар мен азаматтардың тікелей байланыстарын қысқарту және сыбайлас жемқорлық үшін жағдайларды азайту бойынша кешенді шаралар қабылданды.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанда 2025 жылға дейін сыбайлас жемқорлыққа қарсы ауқымды бағдарлама жүргізіліп жатыр. Ол жазалаудың сөзсіздігі қағидаты мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы ойлауды насихаттауға негізделген.

Арай Есенбек, Шымкент

Серіктес жаңалықтары