Қазақстанда әйелдердің саны ерлерден басым
Биыл дүние есігін ашқандар көбіне ер балалар болғанымен, жалпы ел бойынша әйелдердің саны басым
1 қыркүйектегі статистикаға сәйкес, Қазақстан халқының саны 19 млн адамды құрады. Бұл 2020 жылға қарағанда 1,4%-ға артық. Оның ішінде ерлер саны 1,5%-ға (шамамен 9,2 млн), әйелдер 1,3%-ға (шамамен 9,8 млн) өсті. Бұны ranking.kz зерттеушілері анықтаған.
Қазіргі таңда әйелдер саны ерлер санынан 6%-ға артық. Жылдың басында халық саны 18,9 млн адам болған (бір жыл бұрынғыға қарағанда 1,3%-ға артық). Олардың ішінде әйелдер 9,7 млн, ерлер 9,2 млн еді (1000 ер адамға 1 061 әйелден келген). 2017 жылы 1000 ер адамға 1067 әйел келген болатын. Жыл сайын көрсеткіштің біртіндеп төмендей бастағаны байқалады.
Жыл басындағы дерекке сәйкес, ҚР халқының орташа жасы – 31,9 жас құраған: оның ішінде әйелдердікі – 33,5 жас болса, ерлердікі – 30,2 жас екені анықталған.
Айта кетерлігі, жастар арасында да ерлер саны басым: кәмелетке толмағандардың ішінде 3,17 миллионы қыз болса, 3,36 миллионы ер балалар. Яғни кәмелетке толмағандар арасында қыздар саны ұлдарға қарағанда 5,7%-ға төмен.
Кәмелетке толған жастар арасында да (19-29 жас) сан жағынан қыздар ұлдардан қалып келеді (3,3%): 1,4 млн ұл және 1,36 млн қыз. Тек 30 жастан бастап есептейтін болсақ қана әйелдер саны көп (айырмашылық 2,9%-ды құрайды).
Өңірлер ішінде балалардың басым бөлігі Түркістан облысында дүниеге келді – 61,3 мың. Одан кейін үштікке Алматы облысы мен Алматы қаласы енген.
Ал, биыл дүние есігін ашқан сәбилердің ішінде 220,8 мыңы ұл, 206 мыңы қыз екен.
Дүниеге келген қыз балалар санынан дүниеге келген ұлдар санының артуы барлық 17 өңірде байқалады. Ең үлкен айырмашылық Маңғыстау облысында тіркелген: онда ұл балалар қыздарға қарағанда 9,2%-ға көп. Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарында да едәуір айырмашылық байқалады (9%). Ең аз айырмашылық Павлодар облысында анықталған (4,4%).
Халықтың туу кезіндегі күтілетін өмір сүру ұзақтығы бойынша Алматы, Нұр-Сұлтан қалалары және Алматы облысы көш бастаса, ең төменгі көрсеткіш Солтүстік Қазақстан, Ақмола және Қызылорда облыстарында тіркелген.
Гендерлік бөліністе ерлерде күтілетін өмір сүру ұзақтығы – 67,1 жас, ал йелдерде – 75,5 жас. Өмір сүру ұзақтығындағы айырмашылық – 8,44 жас.
Worldometer статистика сайтының деректеріне сәйкес, 2020 жылы әлем халқының өмір сүру ұзақтығы орташа есеппен 73,2 жасты құраған (әйелдер – 75,6 жас, ерлер – 70,8 жас). Ең ұзақ өмір сүретіндер Гонконгта (85,29 жыл). Сонымен қатар көшбасшы елдердің үштігіне Жапония мен Макао кірді. Ең аз өмір сүру ұзақтығы Орталық Африка республикасында (барлығы 54,36 жыл) және Чадта (55,17 жыл) тіркелді.
Қазақстан бұл рейтингте 105-орында. Рейтингке барлығы 202 ел қатысқан.
«Ұзақ өмір сүретін» ондаған елдің ішінде өмір сүру ұзақтығының ең аз айырмашылығы Исландияда (әйелдер 2,75 жыл артық өмір сүреді). Норман аралдарында (Британдық монархияның тәждік иеліктерінде), Швейцария мен Австралияда да аса көп алшақтық жоқ (3,49, 3,6 және 3,72 жыл).
Әйелдер мен ерлердің өмір сүру ұзақтығындағы ең елеулі айырмашылық посткеңестік елдерде байқалады: Литва (10,73 жыл), Ресей (10,53 жыл), Беларусь (9,75 жыл), Украина (9,71 жыл) және Латвия (9,56 жыл). Қазақстан өмір сүру ұзақтығында гендерге байланысты ең көп айырмашылығы бар он елді түйіндейді.