Павлодарда жаңа жыл мерекесін тойлауға 80 млн теңгеден астам қаржы бөлінді
Ал тұрғындар қомақты қаржыны желге шашқанша пайдалы іске жұмсасын дейді
Павлодарда биыл жаңа жыл мерекесін тойлауға 80 млн теңгеден астам қаражат жұмсалмақ, деп хабарлайды Астана арнасы.
Мемлекеттік сатып алу порталында екі бірдей лот жарияланған. Бұған қаланы түрлі диодты шамдармен әрлеп, шыршаны безендіру қарастырылған. Шаһар әкімдігі жаңа жылға дайындықты ерте сәуірден бастапты. Содан бері екі рет конкурс жариялап үлгерген.
«Павлодарды жаңа жыл қарсаңында жарық диоды шамдармен безендіруге 58 млн 240 мың теңге бөлінді. Бұған қаладағы саябақтар, скверлер, орталық жағалау алаңы, көшелер мен ғимараттардың қасбеті жарықтандырылатын болады. Бұдан бөлек 3 шыршаны әсемдеуге 16 млн 600 мың теңге бөлінді», - дейді Павлодар қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Салтанат Әкімбекова.
Ал тұрғындар мұны қомақты қаржыны босқа шашу деп санайды. Мемлекет қаржысын ысырап еткенше, оны пайдалы шаруаға жұмсамай ма дейді.