Атырауда шаруалар мал азығына мемлекеттен бөлінетін субсидияға қол жеткізе алмай жүр
Қызылқоға ауданына бөлінген 80 млн субсидияға бар болғаны 3 шаруа құжат толтырған
![Атырауда шаруалар мал азығына мемлекеттен бөлінетін субсидияға қол жеткізе алмай жүр](https://azattyq-ruhy.kz/cache/imagine/1200/uploads/news/2021/11/19/6197b87ed041f375037384.jpg)
Атырау облысының шаруалары екі-үш жылдан бері мал азығына мемлекеттен төленетін субсидияға қол жеткізе алмай жүр, деп хабарлайды 24.kz арнасы.
Олар ала жаздай төккен тердің текке кеткеніне қынжылады. Облыста бұл мақсатқа бөлінген қаражат жеткілікті. Тек оны алу механизмі күрделі болғандықтан, шаруалар құжат толтырудан түңіліп кетеді. Салдарынан биыл Қызылқоға ауданына бөлінген 80 млн субсидияға бар болғаны 3 шаруа құжат толтырыпты.
Нартай Амандықұлының шаура қожалығында 150 бас сиыр бар. Қар түссе де, шаруа қорын үнемдеп, малды әлі далада жайып жүр. Себебі жаз бойы дайындаған 2 мың тоннадай шөпке кеткен 4-5 млн теңге шығынды олар өз өнімдерімен өтеуі тиіс. Ал мемлекеттен тиісті қолдау таппағандар үшін мал азығының құны алтынмен пара-пар болып тұр.
«Бензин қымбат, қосалқы бөлшектер қымбат. Жемнің тоннасын былтыр 90 мың теңгеден алып едік, енді 120 мыңға көтеріліп кетті. Биыл қыс қатты болады деп жатыр. Қуаңшылық жылдан-жылға күшейіп тұр. Шығын да өсіп барады. Бұлай бола берсе, бізге мал бағу қиын болады. Бізге малдың шығынын жабу қиын болып тұр», – дейді қожалық иесі Нартай Амандықұлы.
Ал Атырау облысының әкімі субсидия бөлудің де өз талаптары бар екенін алға тартады.
«Субсидияға тапсырғанда, олар белгілі талаптарды орындау керек. Өзінің тәртібі бар. Егер құжаттарын мезгілінде тапсырған болса, демек қарастырылып жатыр. Субсидия беруге тапсырма берілді. Оның нәтижесін әлі алған жоқпын», – дейді Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов.
ли