Ақтөбеде WhatsАрр желісі арқылы есту қабілеті төмен адамдарды алдап соққан алаяққа сот үкімі шықты
Алаяққа сенген 78 адам 27 407 400 теңгесінен айырылып қалды

Ақтөбе облысы Мұғалжар аудандық соты қаржы пирамидасын құрған әйелге үкім шығарды, деп хабарлайды Express Qazaqstan.
Күдікті Ж. Бисенғалиева WhatsАрр желісінде "Зима" атты топ құрады. Бұған еліміздің әр аймағындағы мүмкіндігі шектеулі, яғни есту қабілеті төмен адамдарды қосады. Топта қатысушылардың ақшасы екі есе өсетінін айтып, сендіреді. Осылайша қаржы пирамидасы арқылы ақша табуды көздейді. Алаяққа сенген 78 адам 27 407 400 теңгесінен айырылып, сан соғып қалды.
Сот отырысында Бисенғалиеваның кінәсі айғақтармен толық дәлелденді. Ол кінәсін мойындады.
Сот Бисенғалиеваны коммерциялық ұйымдарда басшылық жасау құқығынан 7 жылға айырды және 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Сондай-ақ сот оның кәмелет жасқа толмаған жас балаларының болуын және жүктілігін ескеріп, бас бостандығынан айыру жазасының орындалуын 5 жылға кейінгі қалдырды.
Ал жәбір көрген 71 адамның 24 813 000 теңге мөлшеріндегі қаржысы қайтарылды. Қалған 7 адам материалдық зиянның орны толтырылғанын айтып, талаптарынан бас тартты.