$ 498.55  524.28  4.75
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
17.11.2021, 22:01
Қоғам

Алматы маңындағы Ақсай өзенінің халі мүшкіл

Бұл тәртіп пен бақылаудың жоқтығынан болып жатқан жағдай

Алматы маңындағы Ақсай өзенінің халі мүшкіл
24.kz

Алматы маңындағы Ақсай өзені күл-қоқыс пен тұрмыстық қалдыққа толып бітті, деп хабарлайды 24.kz арнасы.

Әсіресе, «Алтын Орда» базарының жаны қатты ластанған. Өзенге әмбебап базардың басшылары да, базарда нәпақысын тауып жүрген жандар мен сол тұста такси күтетін жолаушылардың да жаны ашымайтын сыңайлы.

 Өзен Алматы облысы, Қарасай ауданының аумағынан ағатындықтан әкімдік тарапынан ара-тұра тазалық шаралары жасалады. Бірақ ол да жеткіліксіз болып тұр. Ақсай өзенінің жалпы ұзындығы 70 шақырым. Өзен суымен егістік пен бау-бақша суарылады.

Таудан тап-таза күйінде ағып келетін Ақсай етекке жеткенде лайланып, қоқысқа тола бастайды. Себебі біреу-ақ: Санитарлық тазалық деген түсініктен жұрдай адамдардың әрекетінен Ақсайдың жағалауы жабырқаулы күйде. Ал «Алтын Орда» базарының қасындағы көрініс тіпті аянышты. Әрі-бері өткендер бос құтыны, темекі тұқылын, босаған пакет пен жартылай жеген асын да осында тастауды әдетке айналдырған.

Бұл маңнан қашан өтсеңіз де Ақсайда қоқыс жатпайтын кезі болмайды. Ал көпірдің маңайы такси тосатын орынға айналған. Ығы-жығы адам үзілмейді. Көпір астындағы көріністен көңіл құлазиды. Тазалық атауымен жоқ. Өзен күл-қоқысқа толғаны былай тұрсын, жағалауы дәретханаға айналып кеткен. Бұл тәртіп пен бақылаудың жоқтығынан болып жатқан жағдай. Адам аяғы көп жүретін жер болса да тазалық бәріне ортақ емес пе?

Ал Райымбек ауылдық округы әкімдігінің мамандары болса, тазалау жұмыстары жоспарлы атқарылып жатқандығын айтады.

 «Райымбек ауылдық округіне қарасты Ақсай өзенінің маңайындағы күл-қоқыс ол, халықтың қоршаған ортаға деген жанашырлығының жоқтығынан болып отырған жағдай. Жалпы әкімдік тарапынан халыққа түсіндіру жұмыстары да, тазалық жұмыстары да жүріп тұрады. Сондай-ақ учаскелік полиция инспекторларымен бірге заңсыз қоқыс тастағандармен бірге күрес жүруде. Оларға ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 505-бабы бойынша шара қолданылады», – дейді Райымбек ауылдық округі әкімінің орынбасары Еламан Өмірбаев.

Ал бұл бап бойынша тәртіп бұзған жеке тұлғаларға 20, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне 30 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. Бұл міндет тәртіп сақшыларына жүктелген. Алайда «Алтын Орда» базары жанында бейәдеп әрекеттердің жолын кесіп, қоғамдық ортадағы тазалықты қадағалауға тиіс полиция қызметкерлірінің жұмысы мүлдем көрінбейді.

 

Серіктес жаңалықтары