Павлодарда аудан әкімдігі шаруа қожалықтың жерін басқа кәсіпкерге заңсыз беріп жіберген
Жерінен айырылған шаруа 250 бас малы мен түгел техникасын сатуға мәжбүр болды
Павлодарда аудан әкімдігі шаруа қожалықтың жерін басқа кәсіпкерге заңсыз беріп жіберген. Осының салдарынан шаруашылық банкротқа ұшырып, малы мен техникасын сатуға мәжбүр. Бұл іске құзырлы органдар араласты, деп хабарлайды Астана арнасы.
Әбетановтар отбасы осыдан 4 жыл бұрын Тереңкөл ауданынан шаруа қожалығын ашқан. Жерді заңды түрде 49 жылға жалға алыпты. Алайда жуырда жердің жаңа қожайыны пайда болған. Қолында аудандық жер комиссиясының құжаты да бар көрінеді.
«Шаруа қожалығы заң бұзбаған. Ондай дерек мүлдем жоқ. Ал аудан әкімі қаулы шығарып, біздің жер учаскемізді алдымен мемлекеттік жер қорына өткізген. Келісімшартты біржақты бұзып, оны әділет органында тіркейді де, іле-шала басқа кәсіпкерге береді. Мұның бәрін айналдырған екі айда жасаған. Бізге ескерткен жоқ», - дейді шаруа қожалықтың өкілі Жанар Әбетанова.
Жерінен айырылған шаруа 250 бас малы мен түгел техникасын сатуға мәжбүр болған. Алайда бұған аймақ атқамінерлері мән бермеген. Амалы таусылған фермер Парламентке шағым жасады. Тек осыдан кейін ғана мәселе шешімін тапты.
«Бұл 2019 жылдан бері созбақталып келген іс. Сот әділ шешім шығарды деп ойлаймын. Мемлекеттік органның жеке адамның шығынын өтеп беруге міндеттелуі облыста бірінші рет орын алып отыр. Бұл басқа әкімдерге сабақ болуы тиіс. Өйткені бізге түсетін шағымдардың 35 пайызы жер мәселесіне қатысты», - дейді өңірлік Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Серік Әубәкіров.
Жер телімі шаруа қожалыққа кері қайтарылды. Алайда өтемақы әлі төленбеген. Аудан әкімдігі сот шешімімен келіспей, енді ол Жоғары сотқа шағым түсірді.
«Қазір Жоғарғы соттың шешімін күтіп отырмыз. Олар әкімнің өзін емес, әкімдікті сотқа беріп отыр. Менің жеке басыма бере алмайды ғой. Мен әкім емеспін бе?», - деді Тереңкөл ауданының әкімі Серік Батырғожинов.
Әбетановтар отбасы аталған ауданнан қайтадан шаруа қожалығын ашты. 50-ге жуық жылқы сатып алған. Бірақ әкімі бір бөлек, әкімдігі бір бөлек ауданда шаруа ісінің алға басарына күдіктеніп отыр.