Алматы облысында Ауған соғысы ардагерінің жесірі ардагерлер бірлестігінің төрағасынан ақшасын ала алмай жүр
Бірлестік төрағасы оның күйеуінің еміне деп кезінде жұрттан ірі көлемде ақша жинаған екен
Алматы облысы Қарасай ауданына қарасты Береке ауылында тұратын көпбалалы ана, ауған соғысы ардагерінің жесірі Жұлмағамбетова Қалжан көмекке мұқтаж. Бірнеше күн бұрын редакциямызға хат жазған келіншектің сөзінше, Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектері қоғамдық бірлестігінің төрағасы Марат Сайбеков оның қайтыс болған күйеуі Теміржан Ахметовтің мүшкіл халін пайдаланып, көмекке деп жинаған ақшаны бермей кеткен.
Azattyq Rýhy тілшісі Қарасай ауданына қарасты Береке ауылына барып, Қалжан Жұлмағамбетованың жағдайымен танысып қайтты.
«Сіздерден көмек сұрауыма Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектерінің қоғамдық бірлестігі төрағасы Марат Сайбековтің менің отбасыма қатысты жасаған әрекеті себепші болып отыр. Күйеуім бар кезде біз отбасымызбен Заря Восток шағынауданында бір бөлмелі пәтер жалдап тұратын едік. Күйеуім өкпе обырының 4-ші деңгейімен ауыратынын кеш білдік. Ауырғанға дейін жолдасым жанармай бекетінде жұмыс істеді. Біз күйеуімнің науқасы туралы білген кезде де, ешкімнен қол жайып көмек сұраған жоқпыз. Менің 80 мың теңге айлығым мен күйеуімнің соғыс ардагері болғаны үшін алатын 17 мың теңгесімен өмір сүрдік. Күйеуімнің өлім аузында жатқанын таныстары арқылы естіген Марат Сайбеков үйімізге келіп, көмек көрсететінін айтты. Біздің отбасылық жағдайымызды видеоға түсіріп, әлеуметтік желі арқылы таратып, ардагерлер мен Алмалы ауданы әкімдігі, демеушілерден өзінің жеке есепшотына қаражат жинады. Жиналған қаражаттың есебін мен білмеймін, ардагер достарымыз біраз ақша жиналғанын және сол қаржыға Марат пен әйелі Дубайға барып демалып келгенін айтты», - дейді Қалжан Жұлмағамбетова.
АЛМАЛЫ АУДАНЫ ӘКІМДІГІ ЖАРТЫ МИЛЛИОН БЕРГЕН
Көмекті жеке шотына жинаған Сайбеков 2019 жылдың қазан айында Ахметовтер отбасын Алмалы ауданынан жалға алған пәтерге көшірген.
«Бізді жаңа пәтерге көшіріп, сол жерде бір қап картоп пен пияз алып берді. Сол кездің өзінде Сайбековтің жүзі бақыттан балбұл жайнап жүрді. Себебі, бір ғана Алмалы ауданы әкімдігінен ауған соғысы ардагерінің отбасына көмек ретінде жарты миллион теңге бөлінген. Одан бөлек, демеушілер, ауған соғысы ардагерлері мен ірі компанияның өкілдері бізге көмек ретінде ақша жинаған. Бірақ Сайбеков тек қана екі жылға жуық пәтерақымызды төледі. Коммуналдық шығынды мен өз қалтамнан төлеп жүрдім. Бар тапқанымды күйеуімнің дәрі-дәрмегіне жұмсайтынмын (жылап). Қаражатымыз жетпесе де, төраға бізге көмек қолын созбады. Бір жылдан кейін ол бізден пәтерді босатуымызды сұрады. 12 айға 900 мың теңге төлеген. Балаларым болса сол маңайдағы балабақша мен мектепке орналасып қойған болатын. Кейіннен басқа пәтерге көшірді. Күйеуім көз жұмған соң, ол бірден пәтерақыны өз мойныма алуымды еске салып жүрді», - деді марқұмның жесірі.
МАРҚҰМНЫҢ ЖЕРЛЕУІНЕ ДЕ ҚАРАЖАТ ЖИНАҒАН
Марат Сайбеков Қалжанның күйеуі көз жұмғаннан кейін де «белсенділік» танытып, марқұмның жерлеуі мен басын тұрғызғанға деп тағы да өзінің жеке шотына қаражат жинаған.
«Көмекті қиналған отбасының жеке шотына жинамай ма, төрағаның өз шотына жинағаны таңғалдырды. Кішкентай балаларыммен осы бөлмені 25 мың теңгеге жалға алып отырмын. Өзім жұмысқа кеткенде екі кішкентайым үйде қараусыз отырады. Мен жұмысқа бармасам, бізді кім асырайды?! Үлкенім 16 жаста, ортаншысы 6-шы сынып оқиды. Алтыға толған қызымды мектепке де бере алмай отырмын. Себебі, бәріміз кетсек, кенже ұлымның қасында қалатын адам жоқ. Төрағаның бізге үй алып беремін деген уәдесі де жайына қалды. Қазір енді пәтер арзан болғандықтан, облысқа келдік. Алматы қаласындағы жұмысыма жету үшін бір бағытқа 5 автобуспен қатынаймын. Ақшамның жартысы жолға кетеді. Күйеуімнің еміне деп алған 2 млн теңге несием ол бар. Айлығым 140 мың, оның 87 мыңын несиеге жұмсаймын, 25 мыңын пәтерақыма төлеймін. Асыраушысынан айрылған отбасыларға төленетін жәрдемақыға азық-түлік алып күнелтіп отырмыз», - деді көпбалалы ана.
«ЭКС-ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІМ АЙДАП САЛЫП ОТЫР»
Қалжанның үйінен шыққаннан кейін, дәл сол Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектерінің қоғамдық бірлестігінің төрағасы Марат Сайбековтің кеңсесіне бардық. Төрағаның сөзінше, марқұм Ахметов Теміржанның жесірін бұрын қоластында істеген қос қызметкері өзіне қарсы айдап салып отыр екен.
«Қалжанмен біздің арамызда ешқандай да қағаз жүзінде келісім болған емес. Марқұм Теміржан шиттей бала-шағасының жағдайын айтып, табыстағаннан кейін шамамыз жеткенше көмек қолын создық. Біздің бірлестік 2 жылға жуық Ахметовтер отбасының пәтерақысын төледі. Ауған соғысының ардагері ретінде Алмалы ауданына пәтер кезегіне тұрғыздық. Теміржанның дәрі-дәрмегіне де Қалжан үйде жоқ кезде ақша беріп кеткенмін. Оның қайсыбірін айтайын, қағаз жүзінде ол ақшаның чектерін жинаған емеспін. Пәтер қожайындарына екі жылда 2 миллион теңгеден аса қаражат жұмсадық. Теміржанға ауруханаға баруға ыңғайлы болсын деп пәтерін онкологиялық аурухана маңынан жалдадық», - деді ол.
Марат Сайбеков
Төрағаның айтуынша, бұл дауды бір кездері қоластында қызмет еткен экс-әріптестері өршітіп отырған көрінеді. Ал, «қаражатты неліктен жеке шотыңызға жинадыңыз, екі жыл бойы пәтерақыға төлеген қаражатты мұқтаж отбасыға не себепті толықтай аудара салмадыңыз?» деген сұрағымызға тұщымды жауап ала алмадық.
«Қалжан менің үстімнен Алмалы ауданы әкімдігіне де арыз жазған. Мұның бәрін Қалжан емес, бір кездері менің қоластымда жұмыс істеп кеткен екі қызметкерім істетіп отыр. Олардың жолдарын қалай кесіп кеткенімді білмеймін. Қоғамдық бірлестіктерде ақша болмайтынын білесіздер. Мен өзім жеке кәсіпкермін, кейде өз қалтамнан да ақша берген кездерім болған. Қазір әйелдердің өкпесіне араласқым келмейді, ең бастысы өзімнің арым таза», - деді Сайбеков Марат.
P.S.Екі жақтың да датын тыңдап көрдік. Кімнің дұрыс, кімнің жалған сөйлеп отырғанын Қалжан Жұмағамбетова құзырлы органдарға арыз жазса, тергеушілер анықтай жатар. Дәл қазір көпбалалы ананың көмекке мұқтаж екені анық. Кейіпкерімізбен сөйлескен жарты сағат ішінде бала тұрмақ, біз жаурадық. Сәбилердің күркілінен құлақ тұнады.
Көпбалалы анаға көмек қолын созамын деушілер болса, +77074907283 телефон нөмірі арқылы көмекке мұқтаж ананың өзімен тікелей байланыса аласыздар.
Фото авторы Марат Қалдыбаев