Шығыс Қазақстанда браконьерлер табиғатқа 15 млн теңгеге жуық залал келтірген
Биыл өңірде заңсыз балық аулау бойынша 9 қылмыстық іс қозғалды

Шығыста табиғатты қорғау полицейлері екі апта ішінде заңсыз аң және балық аулауға қатысты 300-ге жуық дерек анықтаған. Басым бөлігі балықты заңсыз аулағандар, деп хабарлайды 24.kz арнасы.
Браконьерлер Зайсан көліндегі тыйым салынған аумақтар мен Бұқтырма су қоймасына құмар. Биыл осы заңсыз балық аулау бойынша 9 қылмыстық іс қозғалды.
Табиғатты қорғау инспекторларының айтуынша, көк айдынға заңсыз шығатындар мықты техникамен жабдықталған. Жыл басынан бері үздіксіз рейд жүргізіліп, 7 тоннадан астам балық, 1,5 мың тыйым салынған аулау құралдары тәркіленді. Браконьерлер табиғатқа 15 миллион теңгеге жуық залал келтірген.
«Бірлескен рейдтік шара барысында 100-ден астам синтетикалық қоңыр жіптен жасалған заңсыз құрылған аулар тәркіленді. Осы аулардан 200 келіден аса әр түрлі балықтың түрлері алынып, қазіргі күні сот орындарында тиісті шара қабылдау үшін дайындалуда», - дейді Шығыс Қазақстан облыстық аумақтық инспекция басшысының орынбасары Талғат Рахымжанов.