Алматы соты жазықсыз бес адамды қырып салған Дужновтың әйелінің талабын қанағаттандырмады
Банк кепілге қойылған мүлікті аукционда жеңіп алған

Алматыда бес адамды атып өлтірген Игорь Дужновтың отбасының мүлкін пайдалануға кедергі жасамауды өтінген банк талаптарын сот қанағаттандырудан бас тартты. Бұл туралы Бостандық ауданы сотының баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Сот мәліметінше, бұған дейін банк Дужновтың әйелі Анаида Демирчянның кепілге қойылған мүлкін аукционда жеңіп алған. Оған жер телімі бар тұрғын емес үй-жай тиесілі. Биыл 30 сәуірде банк бұл нысанға меншік құқығын тіркегені айтылды.
«Демирчянға талаптар қойылды, бірақ іс жүзінде ол даулы мүліктің иесі емес. Сонымен қатар, Демирчянның банкке меншік иесі ретінде аталған нысанды пайдалануға кедергі келтіріп отырғаны туралы сотқа ешқандай дәлел келтірілмеген», - деп хабарлады аудандық соттың баспасөз қызметі.
Сондай-ақ, сот бұл мүлікті төрт жеке тұлға жалға алып отырғанын анықтады. Бұрынғы меншік иесі Демирчян бұл мүлікті үшінші тұлғаларға жалға берген. Қазір солар бұл нысанды жалға алып отыр.
«Банк жалдау шарттарына қатысты қарсылық танытпаған, алайда ол келісімге меншіктің бұрынғы иесі банк меншік құқығын тіркегенге дейін қол қойған. Яғни заңды түрде 12 айға дейін жасасқан», - делінген ресми мәлімдемеде.
Айтылған жайттың барлығы ескеріліп, сот шешім қабылдаған кезде талапкер өз құқығын қорғаудың қате әдісін таңдады деген қорытындыға келді. Сот талапты қанағаттандырудан бас тартты. Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ. Оған тараптар шағымдана алады.
Еске салсақ, 20 қыркүйек кешкі сағат 17.20 шамасында Алматыдағы Ақбұлақ шағынауданындағы үй иесінің бірі аңшы мылтығынан оқ атқан. Салдарынан екі полиция қызметкері, сот орындаушысы, сондай-ақ үйдің жаңа иесі мен куәгер көз жұмды.