Солтүстік Қазақстанда 145 елдімекен жарықсыз қалды
Әлеуметтік желілерде облыстың мүлде жарықсыз қалатыны туралы жазбалар желдей есіп жүр

Солтүстік Қазақстан жылу-электр орталығында ірі апат тіркелді. Жұмыс істеп тұрған 12 қазандықтың үшеуі істен шыққан. Салдарынан 7 аудандағы 145 елдімекен және Петропавл қаласының жартысына жуығы жарықсыз қалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Апат салдарынан Жамбыл,Тимирязев, Шал ақын, Есіл, М.Жұмабаев, Мамлют және Аққайың аудандары электр жарығынсыз қалды. Жылу-электр стансасынан шығатын ыстық судың температурасы төмендеп, жылыту жүйесіне де кері әсер етті.
«Тәулік бойы жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Бұл ірі апат. Нақты қашан жөнделетінін айту қиын. Бұл жағдай қалалық жылу желілерінің жұмысын да өзгертті. Жылу-электр стансасынан шығатын ыстық судың температурасы 3-5 %-ға төмендеп қалды», - дейді «СевКазЭнерго» АҚ баспасөз хатшысы Лилия Шерина.
Компания өкілдері жағдайды қондырғылардың тозуымен түсіндірді. Жылу-электр орталығы 60 жыл бұрын салынған еді.
«Бір қазандық іске қосылды. Нәтижесінде облыстың екі ауданына жарық берілді. Қалғаны жөнделіп жатыр. Бүгін 22.00-ге дейін мәселе толықтай шешіледі деп ойлаймыз. Тұрғын үйлерге жарық беріледі. Ал даланы жарықтандыру мәселесі келесі кезекте. Бұл күтпеген жағдай. Оның қайталанбайтынына ешкім кепілдік бере алмайды», - дейді СҚО энергетика және тұрғын-үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Бақыт Iлиясов.
Әлеуметтік желілерде облыстың мүлде жарықсыз қалатыны туралы жазбалар желдей есіп жүр. Әкімдік өкілдері бұл ақпаратты жоққа шығарды. 2018 жылы да жылу-электр орталығында апат тіркеліп, тұрғындардың біразы жарықсыз қалған болатын. Бұл жолы Береке, Жұмысшы кенті, Былғары зауыты, 20-шы шағын аудан және бірнеш көше тұрғындары жапа шекті. Апат салдарынан жарықсыз қалған абоненттер саны 37 мыңнан асты.
Эльмира Мәмбетқызы, СҚО