Оқушыны ұрған елордалық мұғалімнің жұмыстан шығарылғанына кейбір ата-аналар наразы
«Ол өз ісінің маманы» дейді ұстазды жақтаушы ата-аналар

Нұр-Сұлтан қаласындағы №3 мектеп-гимназиясында химия пәнінің мұғалімі сабақ үстінде 9-сынып оқушысын ұрғаны үшін жұмыстан шығарылды. 28 жылдық тәжірибесі бар ұстазды жұмыстан шығару кейбір ата- аналардың наразылығын тудырды, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
"Ол ескіліктің адамы. Ол бір уақытта айғайлап ұрса да, құшақтай да алады. Балалармен өте жақын, балалар оны жақсы көреді. Сыныпта шу болып, қызды кітаппен ұрып жіберген. Жұмыстан босатылды. Директорға қайта-қайта бардық, қалдыруын сұрадық. Ол өз ісінің маманы, тәжірибесі көп, сіңірген еңбегі қаншама, балаларды түрлі олимпиадаларға қатыстырған, бірақ мұның ешқайсысы ескерілмеді. Тіпті оларға қоштасуға да рұқсат етілмеді", - деді мектептің ата-аналар комитетінің басшысы Виктория Евдокимова.
Ал Нұр-Сұлтан қалалық білім басқармасы: "21 қазандағы бұйрыққа сәйкес, №3 мектеп-гимназиясының сынып жетекшісі Окружко Снежана Николаевнамен еңбек шарты бұзылды. Мұғалімге қатысты қызметтік тергеу жүргізілді. Ата-аналардың өтінішін педагогикалық этика кеңесі қарады", - деп мәлімдеді.
Снежана Окружконың айтуынша, кәсіподақ та, мектеп заңгері де оны жақтамаған. Ал мектеп директоры «Педагогикалық этиканы бұзғаны үшін» жұмыстан босатылатынын ғана хабарлаған.