ШұғылҚазақстанда өткен тәулікте 769 адамнан коронавирус анықталды

Елордада электробустар жүре бастады

Қала әкімі электрлі автобустардың техникалық жағдайымен танысып шықты

Елорда көшелерінде 100 электрлі автобус жүретін болды. Бүгінде олардың 15-і бірнеше бағыт бойынша жұмысын бастады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.  

Нұр-Сұлтан қалалық әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, әкім Алтай Көлгінов электрлі автобустардың техникалық жағдайымен және сипаттамасымен танысып шыққан.

«Экологиялық тұрғыдан қауіпсіз әрі жайлы электрлі автобустардың артықшылығы - атмосфераға зиянды қалдық шығармайды, сонымен қатар, олар үнемді жұмыс істейді. Автобус паркіне отынның 80%-ын дизельге қарағанда үнемді пайдалануға мүмкіндік береді», - делінген баспасөз хабарламасында. 

Әкімдік өкілдерінің мәліметіне қарағанда 15 электробус жолға шыққан, олар тәулігіне тек бір рет зарядталады.

Жаңа автобустар интеллектуалды бақылау жүйесімен, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған пандустармен және баласы бар жолаушыларға арналған орындармен жабдықталған. Тағы бір айта кетерлігі, автобус орындықтарының тұсында мобилді телефондарды қуаттауға арналған жалғағыштар орнатылған. 

Айта кетерлігі, электрлі автобустарды отандық «СарыаркаАвтоПром» компаниясы құрастырған. Қоғамдық көліктің бұл жаңа түрі автопаркті жаңартуға, аялдамалардағы күту уақытын азайтуға мүмкіндік береді.