Алматыда дәстүрлі жаңажылдық марафон өтті
Биылғы дәстүрлі марафонға 1,5 мың адам қатысты

Алматыдағы Баум тоғайында «Экстремалды атлетика» атты V-ші жаңажылдық марафон өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Жаңа жылдың алғашқы күнінде стартқа 1,5 мыңға жуық адам шықты. Дәстүр бойынша қатысушылардың көбі карнавалдық костюмдерін киді.
Марафонның бас хатшысы Вадим Винокуровтың айтуынша, скандинавиялық жаяу жүруге 21, 42 және 7 км аралықтағы 3 қашықтық берілді.
Жүгіруге қатысқан барлық адам медальмен марапатталды. Сонымен қатар, марафонға трекинг жүйесіне қосылу арқылы Қазақстанның және әлемнің кез келген басқа қаласынан қатысуға мүмкіндік болды.
«Марафон 2015 жылдан бастап өткізіліп келеді. Биыл жүгіруге 1,5 мың адам қатысты. 400-ге жуық адам әлемнің түкпір-түкпірінде жүгірді. Біздің ұранымыз: мағынасыз күнді мағынамен толтыру. Басты мақсат – халық арасында дене шынықтыру, спорт және салауатты өмір салтын насихаттау», — деді В. Винокуров.