Министр ұшақ апатынан зардап шеккен әйелдің жағдайын білді
Министр ұшақ апатынан зардап шеккен науқастың елордадағы орталыққа жеткізілгенін хабарлады

ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Алматы түбінде апатқа ұшыраған ұшақтан зардап шеккен науқас жатқан орталыққа арнайы барып, оның қал-жағдайын білді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Министр өзінің Фейсбук желісіне жариялаған жазбасында ұшақ апатынан зардап шеккен әйелдің елордадағы Травмотология және ортопедия ғылыми зерттеу институтына кеше санавиациямен жеткізілгені хабарлады.
«Көптеген политравма алып, көп қан жоғалтқан зардап шегушінің жағдайы орташа ауыр деңгей деп бағаланды, оның өміріне қауіп төніп тұрған жоқ. Орталық мамандары барлық қажетті тексерулерді жүргізіп, науқасты отаға дайындау үстінде», – деді министр.
Қазіргі уақытта ТОҒЗИ директоры, профессор Нұрлан Батпеновтың қатысуымен науқасты ота жасап емдеудің алғашқы сатысы жүргізілді.
«Қазіргі таңда ұшақ апатынан зардап шеккендердің бәріне тиісті ем көрсетіліп жатыр. Оларды емдеуге республикалық ғылыми зерттеу институттары мен орталықтарыныең озық мамандары тартылған. Зардап шеккендердің жағдайын мен өзім жеке бақылауыма алып отырмын», – деп атап өтті Е. Біртанов.
Сондай-ақ, министр орталықтағы жансақтау және қарқынды емдеу бөлімдерінде жатқан өзге де екі ауыр науқастың жағдайлары туралы айтып өтті.
«Жол-көлік апатынан зардап шеккен 1961 жылғы әйел де санавиациямен аталған орталыққа жеткізілген екен. Науқастың жағдайы орташа ауыр деп бағаланып отыр, дегенмен, жағдайы жақсарып келе жатыр, алдағы күндері жансақтау бөлімінен профильді бөлімге ауыстырылуы мүмкін. Оның жамбас сүйектеріне ота жасалады. Үшінші науқас 2019 жылдың 29 желтоқсанында аса ауыр жағдайда жеткізілген екен. Оған қазіргі уақытта қарқынды ем жүргізіліп жатыр», – деді министр.