Алматыда жұмысына жалақы алуға келген әйелге зорлық жасалған
Алматыда бірге жұмыс істейтін әйелді зорламақ болған жұмысшылар жазадан құтылуы мүмкін
Жаңа жыл қарсаңында жалақы беріп жатыр деген хабарламамен жұмыс орнына келген үш балалы әйелді әріптестері ұрып-соққан. Бұл туралы Azattyq Rýhy тілшісіне «НеМолчи.kz» қоғамдық қорының директоры Дина Смайылова әңгімелеп берді.
Жәбір көрген әйелдер және жасөспірімдер құқығын қорғаумен айналысатын ұйымның басшысы бұл оқиғаның 29 желтоқсанда болғанын айтады. Жәбірленуші «Лото-24» деп аталатын мекеменің ғимаратына әрлеу жұмыстарын жүргізіп, өзге жұмысшылармен бірге еңбек еткен. Ол жаңа жыл қарсаңында кезекті жалақысын алу үшін барғанда, зорлыққа тап болған.
«Әйел құрылыс нысанында жаңа жылға қарсы еңбекақы беріп жатыр деген соң барған. Оның күйеуі жоқ, бірақ асырауында үш баласы бар. Алайда алдап шақырып алған жұмысшылардың бірі екені белгілі болды. Ол мас күйінде әйелге тиісіп, жәбір көрсеткен. Жұмыс орнында болған екі ағайындының бірі сыртынан есікті жауып тұрған. Қатты соққылардан есінен танып қалған әйел зорланған деген де күдік бар. Ол туыстарына хабарласқан соң, жедел жәрдеммен №4 қалалық клиникалық ауруханаға жеткізілген»,- дейді Дина Смайылова.
Зардап шеккен әйел ауруханаға әкелінгенімен, дәрігерлер оны өлді деген қортынды шығарып, мәйітханаға жөнелтпек болыпты. Ал оқиға орнына 16 минутта келген Түркісіб аудандық полиция басқармасының қызметкерлері қазір бұл істі тергеудің орнына тараптардың татуласуына мүдделі болып отырғанын айтады қор басшысы.
«Өзін Еркебұлан деп таныстырған полиция қызметкері оқиға болған жерге келген. Аудандық полиция бөліміне кетіп бара жатқанда, жәбір көрген әйел есінен танып құлап қалғанда ғана ауруханаға амалсыз апарған. Жаңа жыл қарсаңы болғандықтан ба, ауруханада үш сағат қараусыз қалған. Әйелдің ағасының айтуынша, дәрігерлер тиісті көмек көрсетудің орнына жеке басы анықталмаған мәйіт ретінде рәсімдеп, қолына қағаз берген.
Ал сол күннен бері бір апта өтсе де, бұл істі тараптар өзара келісті деген баппен жабуға тырысып жатқандар бар. Тергеушілер істі толық зерттемеген. Тиісті сараптама жасалмаған. Жәбірленушінің зорланғанын дәлелдейтін айғақтар жиналмаған, сол жерде болған жұмысшылардан түсініктеме алынуы керек еді. Мұндай қылмыс кезінде татуласуды болдырмау туралы Президенттің жарлығы шыққан соң, екі күннен кейін осы қылмыс жасалып отыр»,- дейді құқық қорғау ұйымының директоры.
Алматы қаласы полиция департаменті баспасөз қызметінің өкілі Евгений Лысенко бұл іс бойынша іс қозғалғанын, бірақ қазір істі тоқтату қарастырылып жатқанын растады. Бастапқыда ҚР ҚК 120 бабы (зорлау, яғни жәбірленушіге немесе басқа адамдарға күш қолданып, жәбірленушінің дәрменсіз күйін пайдаланып жыныстық қатынас жасау) бойынша іс қозғалғаны белгілі болды.
«Онда зорлауға талпыныс болған. Бұрын бір-бірін танитын адамдар бірге отырып, арақ ішкен. Қазір олар келісімге келуі мүмкін. Басында қылмыстық кодекстің 120 бабымен іс қозғалған, қазір ҚР ҚК 24 бабы, қылмысқа оқталуға ауысытырылды. Кейінірек толық ақпарат беретін боламыз»,- дейді қалалық полиция депараментінің өкілі.
Ришат Асқарбекұлы, Алматы