«Арақсыз ауыл»: тұрғындар ай сайын дүкендерге тексеру жүргізбек
Боралдайлықтар республика бойынша үлгілі ауылдардың бірі болуды көздеп отыр
Түркістан облысы Бәйдібек ауданы Боралдай ауылы тұрғындарының дүкен сөрелеріндегі спирттік ішімдіктерді жинап алып, шұңқырға төгіп жатқан видеосы әлеуметтік желілер арқылы тарады. Боралдайлықтардың бұл әрекетін қолдағандар да, «жөнсіз популизм» деп сынағандар да табылып жатыр. Боралдай ауылдық округының әкімі Асылхан Тоқтамысовтың айтуынша, ауыл жастарының бастамасымен 3 қаңтар күні жиын өткен. Онда 3 мыңнан астам тұрғыны бар елдімекеннің болашағы жайлы сөз қозғалған. Барлығы 150-ден астам адам қатысыпты.
«Боралдайлықтардың бұл жиынды ұйымдастырудағы басты мақсаты - елдегі үлгілі ауылдардың бірі болу. Бұған Жетісай ауданының Алмалы ауылындағы арақ-шарап сатылмайды деген ақпарат түрткі болған. Ауылдықтар ол жөнінде телеарналардан білген. Жастардың бұл бастамасын ауыл ақсақалдары қолдап, бұдан былай ауыл дүкендерінде спирттік ішімдік сатпауға келісті.
Ол жиынға қатысқан дүкен қожайындары да қарсы болған жоқ. Боралдайдағы 5 дүкенде спирттік ішімдік сатуға лицензия бар. Соның үшеуінің иесі дүкен сөрелеріндегі спирттік ішімдікті жоюға келісім берген. Жастар жағы ақша жинап, тауардың құнын өтеп берді. Ал, қалған 2 сауда нүктесі спирттік ішімдіктерді жеткізіп беретін компанияларға тауарды қайтарып беретінін айтқан», - дейді Асылхан Битасұлы.
Алайда, әкім боралдайлықтардың ауыл шетіндегі шұңқырға нақты қанша теңгенің арақ-шарабын апарып төккенін айта алмады. Бұл бір реттік шара болып қалмас үшін, ауыл тұрғындары дүкендерді 1-2 апта сайын, ай сайын бір тексеріп тұруды жоспарлап отыр.
Жалпы, жиында білім мен мәдениет, спортты дамыту, абаттандыру секілді 9 мәселе қаралған. Инвесторлар спорт нысандарын салуға қызығушылық білдірмесе, ауылдың атқамінер азаматтары қаржы жинап, өз күштерімен құрылыс бастауға уағдаласыпты.
Сондай-ақ, ауыл кеңесі секілді арнайы комиссия құру жоспарланған. Жұмыс тобының алғашқы отырысы ақпан айында өтетін көрінеді. Онда іс-шаралар кестесі жасалып, боралдайлықтар назарына ұсынылады. Осылайша Боралдайды жыл соңына дейін республикамыздағы үлгілі ауылға айналдыру көзделіп отыр. Бастама сәтті жүзеге асса, келесі жылы бұл тәжірибені Боралдай ауылдық округіндегі өзге ауылдарға енгізу жоспарланған.
Желіде тараған видеоға байланысты Түркістан облысының Полиция департаменті жауап берді. Олар ауыл тұрғындарының бұл әрекеті құқықбұзушылыққа жатпайды деп хабарлады.
«2020 жылы 3 қаңтарда Бәйдібек ауданы Боралдай ауылы мәдениет үйінде Боралдай ауылының әкімі Ә.Тоқтамысов, ауылдың ақсақалдар кеңесі, ауылдың бас имамы, ауыл биі Т.Орынбасаров, жергілікті полиция қызметінің аймақтық учаскелік полиция инспекторы, дүкендердің иелері және ауыл тұрғындарының қатысуымен «Спирттік шімдіктен бас тартады» деген тақырыпта жиналыс өткізген.
Жиналысқа қатысушылардың бәрі бір ауыздан осы іс-шараны қолдап, ауыл тұрғындары ішімдік бөтелкелерін Боралдай ауылынан 2-3 шақырым ашық жерде орналасқан малдың өлексесін тастайтын шұңқырға тастаған. Ауыл тұрғындарының бұл іс-әрекеті ҚР ӘҚБтК-нің 434-бабы «Ұсақ бұзақылық» бойынша әкімшілік құқықбұзушылыққа жатпайтынын хабарлаймыз.
Сондай-ақ Боралдай ауылында орналасқан дүкен иелеріне осы іс-шара бойынша спирттік ішімдіктерді жою туралы қысым және нұсқау берілмеген, барлығы өз қалауларымен және өз еркімен орындалған», - дейді Түркістан облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Арай Есенбек, Түркістан облысы