ШұғылCOVID-19: Қазақстанда 14 адам өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған

Ұшақ апатында аяғы ауыр әйелді құтқарып қалған жігіт марапатталды

Алматы түбінде болған ұшақ апаты кезінде аяғы ауыр әйелді құтқарып қалған 23 жастағы Темірлан Қадауов марапатталды

Бүгін Алматы түбінде болған ұшақ апаты кезінде аяғы ауыр әйелді құтқарып қалған Темірлан Қадауов марапатталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі Алматы қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Алматы қаласы Полиция департаментінің басшысы, генерал-майор Серік Күдебаев ҚР Ішкі істер министрінің бұйрығымен 23 жастағы Темірлан Қадауовқа «Төтенше жағдайлардың алдын алуда және жоюда үздік шыққаны үшін» медалін табыс етті.

«Жас жігіт төтенше жағдай кезінде айрықша батылдық танытып, жанында отырған аяғы ауыр әйелді денесімен жауып, құтқарып қалды. Сондай-ақ, өзінің де жарақат алғанына қарамастан, құтқарушылар келгенше ұшақтағы жолаушылардың дереу сыртқа шығуына көмектескен. Темірлан Қадауов бұл марапатқа әбден лайық. Бұл ең алдымен, халықтың өз қаһарманына деген алғысы», – деп атап өтті полиция С. Күдебаев.

Айта кетсек, алматылық жас жігіттің ерлігі жайлы алғаш рет Фейсбук желісінде Әсем Жапишева атты қолданушы жазған еді.

Еске салсақ, 2019 жылдың 27 желтоқсанында бортында 93 жолаушысы және 5 экипаж мүшесі бар Bek Air ұшағы Алматы түбінде апатқа ұшыраған болатын. ІІМ апат салдарынан 12 адамның көз жұмғанын хабарлады. Қазір ұшақ апатының себебін анықтауға қатысты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.