Дәрігердің компьютерлік сауаттылығының төмендігінен дені сау бала 10 жыл бойы науқас ретінде есепте тұрған
Қызметтегі салғырттығы үшін дәрігер әкімшілік жазаға тартылды
Қызылорда облысының Арал ауданына Қамыстыбас ауылының тұрғыны Бақытгүл Мурзагулованың 11 жасар ұлы Досым Достан 2011 жылдан бері орталық жүйке жүйесі қабыну аурулары есебінде тұрған. Бірақ бұл деректен бала да, оның анасы да осы уақытқа дейін бейхабар болған, деп хабарлайды inbusiness.kz.
Таяуда ғана "Дамумед" медициналық ақпараттық жүйесін жүктеп алған ана 2010 жылы дүниеге келген ұлының ауылдық емхананың невропатологына бірнеше мәрте тіркеліп, қабылдауға жазылғанын көреді. Сап-сау баласының жүйке жүйесі ауруына шалдыққанын ауылдық емхана бас дәрігерінің анықтамасы нақтылап береді. Онда Д. Достанның 2011 жылдан бері "Д" есепте тұратыны көрсетілген. Ұлының 10 жылдан бері орталық жүйке жүйесі қабыну аурулары есебінде тұрғанын білген аралдық келіншек осы уақытқа дейін ем-дом қабылдамақ түгілі есепте тұрғанын да ескертпеген дәрігерлерге деген өкпесі қара қазандай.
"Өзім екі мүгедек жанды бағып отырған адаммын. Күйеуім мен ұлым мүмкіндігі шектеулі жандар. Оның үстіне кіші баламды 10 жылдан бері есепте тұратын науқас етіп шығарғаны жаныма қатты батты. Осы уақытқа дейін неге бізге айтпаған? Мектептің тіркеуінде сау бала қалайша науқас боп шықты. Бас дәрігердің өзі көрші тұрады, неге бізге осыншама жылдан бері айтпаған? "Дамумедке" тіркелмесек мұны білмей жүре берер ме екенбіз?", – дейді ашынған ана.
Ал "Арал ауданаралық ауруханасы" бас дәрігерінің міндетін атқарушы Л. Әділбаева мұндай түсінбеушіліктің ауылдық емхана дәрігері Ж. Айтжановтың компьютерлік сауаттылығының төмендігінен болған дейді. Мәлімдемеде көрсетілгендей, анықтама берген дәрігер компьютерлік сауаттылыққа үйрететін орталыққа бір айға жіберіліпті.
Бұл мәселеге зерттеу жүргізген ҚР ДСМ медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаменті Бақытгүлдің ұлын негізсіз есепке қойғанын анықтаған.
"Тексеру барысында, денсаулық сақтау саласындағы нормативтік-құқықтық актілердің сақталмауы, Д. Достанды орталық жүйке жүйесінің қабыну ауруларының салдары диагнозымен есепке негізсіз алынған", – дейді Департамент басшысының орынбасары А. Тулегенова.
Ал Қамыстыбас ауылдық емханасының дәрігері Ж. Айтжанов қызметтегі салғырттығы үшін әкімшілік жазаға тартылып, айыппұл арқалаған.