$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
01.11.2021, 21:14
Қоғам

АҚШ-та тіл үйреніп, ақша табамыз деген 100-ден астам қазақстандық алданып қалды

Жастардың бұл агенттікті таңдауына елдегі танымал вайнерлер мен спортшылардың жарнамасы себеп болған

АҚШ-та тіл үйреніп, ақша табамыз деген 100-ден астам қазақстандық алданып қалды
Фото ашық дереккөзден

Америкада тіл үйреніп, табыс табамыз деген бір топ қазақстандық Hasta La Viza компаниясының өкілдеріне сеніп, сан соғып қалды. Соңғы бір-екі жылда оқу бітірген жастардың әрқайсысы компанияға 2 мың доллардан санап берген, деп хабарлайды КТК арнасы.

Арнаның хабарлауынша, агенттік оларға виза, медициналық сақтандыру жасап, АҚШ университетіне түсіруге тиіс болған. Алайда елдегі танымал вайнерлер мен спортшылар жарнамалаған компания өткен айдан бері кеңселерін жауып хабарсыз кеткен. Амалы таусылған жастар полицияға бірігіп шағым түсірді.

«2 мың доллар төлем жасадық. Сәуір айында келісімшартқа қол қойдық. Бағдарлама бойынша бізді сол жақта күтіп алып, жұмыс жағын реттеу керек болған. Медициналық сақтандыру, көліктің куәлігін ағылшынға аударып береміз деді. Алайда олар қыркүйектің ортасынан бастап хабарсыз. Не жауап жоқ. Не құжат жоқ», - дейді алданып қалған жастардың бірі Ермұрат Ермек.

Айта кетейік, алданғандардың көбісі елдегі танымал вайнерлер мен спортшылардың жарнамасы осы агенттікті таңдауымызға түрткі болды дейді. Жарнамасы жер жарған Hasta La Viza инстаграмда соңғы рет қыркүйек айында пост жариялапты. Ал оған дейін парақшаны жандандыру арқылы көпшіліктің қызығушылығын тудыруға тырысқан. Америкадағы ғажап өмір мен компаниядан виза алғандарды көрсету арқылы клиент жинаған. Алайда сеніміне селкеу түскен жастардың ұжыммен берген арызынан кейін агенттіктің есігіне қара құлып салынып, қылмыстық іс қозғалды.

«Аталмыш дерекпен ҚК 190-бабына сәйкес қылмыстық іс жүргізілуде. Қылмыстық іс аясында 40 азамат өз арызын ресми түрде тіркеген. Қылмысқа қатысы бар деген күдікпен ұсталған азаматтар уақытша оқшаулау абақтысына қамалды. Қазір тергеу амалы жалғасып жатыр», - дейді  Алматы қаласы ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.  

Серіктес жаңалықтары