9 жыл күттірген Арман: ЭКО-дан кейін елімізде 25-мыңыншы бала дүние есігін ашты
ЭКО әдісімен дүниеге келген алғашқы қазақстандық бала 25 жасқа толды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты халыққа Жолдауында жарияланған «Аңсаған сәби» әлеуметтік бағдарламасы негізінде Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейі мен Репродуктивтік медицина институты бірлесіп 29 қазан күні Алматыда ЭКО әдісінің тарихы және Репродуктивтік медицина институтының құрылу қызметіне арналған «ИРМ – армандар орындалады!» атты көрмесін ашты. Көрмеге елімізде ЭКО арқылы дүние есігін ашқан 25-мыңыншы сәби келді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
15 қазан күні қалалық перзентханада ата-анасын 9 жыл күттірген Арман есімді ұл бала дүниеге есігін ашқан. Бүгінгі көрменің ашылуына нәресте Арман ата-анасымен бірге келді.
«Аңсаған сәби» бағдарламасы бойынша биыл ақпан айында ЭКО жасатқан болатынбыз. Алматы қалалық адам ұрпағын өрбіту орталығының білікті мамандарының арқасында бірінші реттен-ақ бәрі сәтті шықты. Бұған дейін үш жыл кезекте тұрғанбыз. 9 жыл бойы басқа орталықтарда емделіп, жасатқан ЭКО-мыздан пайда болмады. Сонда да жолдасым екеуміз үмітімізді үзбедік. Ақылы түрде жасатуға біздің қаржылай жағдайымыз жетпеді. Күйеуім Қуандық – электрик, өзім «Жас-Ай» медициналық орталығында медбике болып жұмыс істеймін. Қазіргі уақытта ЭКО-дан көпшілігі қорқып, түрлі қисынсыз ақпараттарды айтып жатады. Медицина саласының маманы ретінде мен ғылымның жаңа мүмкіндіктеріне сенім арттым және ол ақталды (күліп). Біз сияқты жас отбасыларға осындай мүмкіндік берген президентімізге, мемлекетімізге алғысымыз шексіз», - деді Арманның анасы Дана.
Қуандық пен Дананың тұңғышының есімін өз атасы мен нағашы атасы бірлесіп қойыпты. Жас ана биыл 30-ға толған.
«Армандап жүріп жеткен құлыншағымыздың есімін екі атасы қойды. Ұлымыздың өзге балалардан ешқандай айырмашылығы жоқ, денсаулығы жақсы. Дәрігеріміз Аяулым Бекболқызына айтар алғысымыз шексіз! Алла әрбір сәбилі болғысы келетін отбасына осындай бақытты нәсіп етсін! Ешнәрседен қорықпаңыздар, үміттеріңізді үзбеңіздер», - деді қуанышы қойнына сыймай, сәбиін құшақтап тұрған жас әке.
АЛҒАШҚЫ ЭКО СӘБИ АЛЕСЯ ШИННІҢ ХИКАЯСЫ
Сонымен қатар, бұл көрме ЭКО әдісімен дүниеге келген алғашқы қазақстандық баланың 24 жасқа толғанына арналды. Көрмеге 24 жастағы алғашқы ЭКО әдісімен туылған Алеся Шин отбасымен бірге келді. Алесяның анасы «ЭКО-ны екінші рет жасағаннан жүкті болдым» дейді. Алеся өзінің ерекше бала екенін кішкентай кезінде анасынан естіпті. «Бірақ бұл жағдай өмір сүру салтыма ешқандай әсер еткен жоқ», – дейді ол.
«Кішкентай күнімнен анам менің өзге балалардан ерекше екенімді айтатын. Бірақ өз басым ондай қатты ерекшелікті сезінген емеспін. Денсаулығымда да өзгеше ерекшелік жоқ. Ағзамның жұмысы да, иммундық жүйем де сіздердікіндей. Мен «ЭКО-мен дүниеге келген балалар болашақта ата-ана бола алмайды» деген жалған ақпаратқа сенбеуге шақырамын. Менің қазір ұлым бар, жүктілік барысы да бірқалыпты өтті. Тіпті жерік болу, жайсыз сезіну болған жоқ. Медицинаның мүмкіндігі шексіз», - деді Алеся.
ЕРЛЕРДІҢ БЕЛСІЗДІГІ ТУРАЛЫ
Алматы қалалық адам ұрпағын өрбіту орталығында Бас дәрігер Жүсібәлиева Тамара Мұфтахқызы ЭКО арқылы ерлердің белсіздік мәселесі жолға қойылып келе жатқанын жасырмады.
«ЭКО жасатуға оңтүстік өңірдің қыз-келіншектері қайын енелерімен бірге жиі келеді. Сол кезде қайын енелері «кінәраттың бәрі келіннен» деп қолмен көрсетіп жатады. Негізі 50% жағдайда ерлердің белсіздігі анықталып жатады. Сол себепті кінәнің бәрін келіннен іздемеңіздер. Біз жаңа технологиялардың енгізу арқылы еркектердің белсіздік мәселесін де біраз шештік. Қазір донорлыққа өзге ер адамды іздеудің қажеті жоқ.
Жас қыз-келіншектердің көпшілігі обыр ауруымен ауырады. Токиодан келген жапондық әріптестеріміздің оқу сабақтарынан кейін, біз обырды жеңген келіншектердің де сәби сүюіне қолұшын бере алатын жағдайға жеттік. Ғылым мен жаңа технологияның, білікті мамандардың арқасында армандар орындалып жатыр. Біз осы көрме арқылы сәби сүюді арман деп санайтын отбасыларға үміт сыйлағымыз келеді», -деді дәрігер.
Айта кетсек, 1995 жылдың 28 қыркүйегінде Қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшылығымен Қазақстандағы алғашқы экстракорпоральдық ұрықтандыру зертханасы ашылған болатын.
Осы уақыт ішінде 5 адамнан тұрған ЭКО зертханасы 26 жыл ішінде 300-ден астам қызметкер жұмыс істейтін, 3 дербес клиникасы бар (оның 2-і Алматыда және 1-і Шымкентте) ғылыми-тәжірибелік Репродуктивтік медицина институтына дейін өсті.
Бүгінгі таңда Репродуктивтік медицина институты – Қазақстандағы қосалқы репродуктивтік технологиялар саласындағы көшбасшы болып отыр. Репродуктивтік медицина институты – әлемдегі барлық ЭКО әдістемелерін пайдалана отырып, кез-келген генездің бедеулігі кезінде білікті медициналық көмектің толық циклін көрсететін Қазақстандағы жетекші ғылыми-диагностикалық орталық болып табылады.
Клиника Қазақстанда ғана емес, бүкіл Еуропалық қоғамдастықта қосалқы репродуктивтік технологиялардың флагманы. Қосалқы репродуктивтік технологиялардың көмегімен дүниеге келген балалардың өздері қазіргі таңда ата-ана атануда.
Көрмеге Репродуктивтік медицина институтының 1995 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейінгі қызметін баяндайтын құжаттар мен видео-фотосуреттер, ЭКО бағдарламасы бойынша дүниеге келген балалар мен ата-аналардың фотосуреттері қойылған.