Петропавл қаласындағы 4 мектепке Алаш қайраткерлерінің есімі беріледі
Ұсыныс республикалық ономастикалық комиссияның қолдауын тапса, үкіметте қаралмақ
Петропавлда 4 мектепке Смағұл Сәдуақасовтың, Әлихан Бөкейханның, Ахмет Байтұрсынұлының және Қажымұқан Мұңайтпасовтың есімдері берілетін болды. Облыстық ономастика комиссиясына түскен ұсыныс мақұлданып, республикаға жолданды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Ұсыныс республикалық ономастикалық комиссияның қолдауын тапса, үкіметте қаралмақ.
Петропавл қалалық №25 жалпы білім беретін орта мектепке – қазақтың мемлекеттік, саяси және қоғам қайраткері, ұлт-азаттық және Алаш партиясының жетекшісі, Алашорда үкіметінің төрағасы, публицист, ғалым, аудармашы, Әлихан Бөкейханның, №2 орта мектепке – кеңестік мемлекет, саяси, мәдениет қайраткері, Солтүстік Қазақстан өңірінің тумасы Смағұл Сәдуақасұлының, №9 орта мектепке қазақтың ақыны, әдебиет зерттеуші ғалым, түркітанушы, публицист, педагог, аудармашы, қоғам қайраткері, қазақ халқының 20-шы ғасырдың басындағы ұлт-азаттық қозғалысы жетекшілерінің бірі, мемлекеттік қайраткері, қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы ғалым, ұлттық жазудың реформаторы, ағартушы, Алаш-Орда өкіметінің мүшесі Ахмет Байтұрсынұлының есімі беріледі.
Ал ұлттық спорт түрлерінен облыстық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі енді қазақ халқының тарихындағы тұңғыш кәсіпқой балуан Қажымұқан есімімен аталатын болады.
Эльмира Мәмбетқызы, СҚО