«Миллиардтар үшін тартыс»: Маңғыстауда кәсіпкерлер қарыз үшін соттасып жатыр
Бұл іске ҚР Жоғары сотының төрағасы араласқан соң Маңғыстау облысындағы соттардың бір-біріне қарама қайшы шешімдері әшкере болған
Өзгелерден айырмашылығы жоқ сот шырғалаңы еліміздің батысындағы екі компанияның арасында өрбіген болатын. Бірақ ол елеусіз қалған жоқ. Елдегі белгілі заңгерлер мен бизнес қауымдастықтың назарын өзіне аударды. «БатысНефтеТрэйд» пен «Terminalex» ЖШС арасындағы текетірестен соң, бір мәселеге екі соттың екітүрлі құқықтық көзқараспен қарауы таңданыс тудырғаны. Екі серіктестің арасындағы бизнестік қарым-қатынасқа құқық қорғау органдарының қылмысқа қатысы бар деген сезігі сына қақты. Олардың өзара келісімшарттарының жарты жыл бойы орындалмай қалуына себепші болған да осы жағдай. Енді бір компания екіншісінің мойнына қарыз іліп, көп мөлшерде қаражат төлеуді талап етіп жүр. Бұл тартысқа прокуратура, бірнеше жеке сот орындаушылары, бағалаушылар және «Қазақстан Темір Жолы» сияқты ірі ұлттық компания да тартылды. Оның жүк тасымалдайтын еншілес кәсіпорын өкілдері 1,9 млрд теңгелік мұнай өніміне қатысты даудан басын арашалау үшін сот табалдырығын тоздырып жүр.
Аталған екі серіктестік 2017 жылдан бері мұнай бизнесін бірігіп ұйымдастырып келген. «БатысНефтеТрэйд» ЖШС мұнай өнімдерін сатумен айналысса, «Terminalex» компаниясы сол қара алтынды өзінің өндірістік қоймасында сақтап, сосын танкерлермен жөнелту ісін атқарған. Алайда, 2018 жылдың ортасына қарай кәсіпкерлер ұрланған мұнайды сатумен айналысып жүр деген күдікке ілінеді. Олардың қоймаларын экономикалық тергеу қызметі жауып, тергеу аяқталғанша тауарды саудалауға тыйым салады. Қоймадағы «БатысНефтеТрэйд» компаниясының 13,7 мың тонна мұнайы сатып алушыға жөнелтілуі тиіс болған.
Бұл келісімшартты жүзеге асыру тығырыққа тірелді. Осы кезде екінші компания мерзімінен көп уақыт тұрып қалған мұнай өнімі үшін үстеме ақы талап ете бастайды. Тараптар хат алмасып, мәселені өзара шешуге талпынғанымен, келісімге келе алмаған. Ал қоймадағы мұнай өнімдері жарты жылдан астам қозғалыссыз қалды. Осы кезде «БатысНефтеТрэйд» өз серіктесінен мұнайды қайтарып беруді сұраған. Бірақ «Тerminalex» келісімдердің шарттары бұзылды деген желеумен 2,4 млрд теңге қаражат талап етеді.
Екі жақ ақыры шындық іздеп сотқа жүгінуге мәжбүр болады. Бірақ бұл сот шырғалаңы 2 жылға созылған. Маңғыстау облысының сот орындары бұл текетіреске нүкте қоя алмаған. Тиісінше таласқа түскен мұнай және мұнай өнімдері теміржол тұйықтарында ары-бері жөңкіліп босқа жүрген. Ақырында сот «БатысНефтеТрэйд» компаниясы келісімшарт талаптарын бұзған деген шешімге келеді. Оның бұрынғы серіктесіне... 900 млн теңге беруі тиіс деген қаулы шығарады. Одан бұрын шағымданушы оның көлемін 1,1 млрд теңгеге дейін азайтқан еді. Маңғыстау облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы Гаухар Метерқұлова өзінің 2019 жылғы 10 желтоқсандағы шешімімен сол 900 млн теңгені төлеу қажет деп табады. Ал, 2020 жылы ақпанда облыстық аппелляциялық сот бұл шешімді өзгеріссіз қалдырды.
Алайда, 2021 жылы маусымда бұл шиеленске толы сот ісімен Жоғарғы соттың төрағасы Жақып Асанов танысады. «БатысНефтеТрэйд» басшылығы ең соңғы инстанция ретінде сот төрағасына шағымданды. Себебі қаржылық қиындыққа тап болған компания өкілдерінің қарызы өсіп, бұрынғы серіктестері мен Terminalex ЖШС алдындағы қарызды жабу мүмкін емес еді. Оның үстіне қордаланған берешекті өтеу үшін 3 жылдан бері Terminalex қоймасында сақтаулы тұрған 13,7 мың тонна мұнайды сатудан басқа амал қалмаған. Сөйтіп жүргенде Жақып Асанов 14 маусымда Жоғарғы соттың Азаматтық істер жөніндегі алқасына серіктестіктер арасындағы сот талқылауларын қайта қарауды тапсырды.
Сөйтіп биыл 15 шілдеде сот алқасы Маңғыстау облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты мен аппелляциялық инстанцияның шешімдерінің күшін жою туралы қаулы қабылдайды. Бұл туралы «БатысНефтеТрэйд» өкілі Әбдіманап Исабаев мәлімдеді.
«Іс қайтадан Маңғыстау облыстық сотының аппелляциялық инстанциясына жіберіліп, оны жаңа тағайындалған сот құрамы қарап шықты. Бұрын жіберілген қателіктер сараланып, биыл 13 қазанда Terminalex ЖШС-ның «БатысНефтеТрэйд» компаниясынан мұнайды артық сақтағаны үшін талап еткен 1,1 млрд теңгесіне қатысты талап арызын қанағаттандырған жоқ. Хронологияны қайтадан қарап, келісімшарттарға қатысты мән-жайды анықтаған соң, сот алқасы өз қаулысында «БатысНефтеТрэйд» серіктестігі резервуарларда мұнайдың мерзімінен көп сақталуына кінәлі емес деп көрсетті», - дейді компания өкілі.
«Азаматтық кодекстің 361-бабы 1-тармағында көрсетілгендей, егер екiжақты шартта тараптардың бiрде-бiрi жауап бермейтiн мән-жайдың салдарынан тараптардың бiреуi үшiн мiндеттеменi орындауға мүмкiншiлiк болмаса, заң құжатында немесе шартта өзгеше көзделмегендiктен, шарттың орындалуын тараптардың ешқайсысының да талап етуге құқығы жоқ. Мұндай жағдайда тараптардың әрқайсысы өзi орындағанның бәрiн қайтаруды тиiстi қарсы орындауды алмай-ақ талап етуге құқылы», - делінген Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөнінідегі алқасының сот актісінде. Сот «БатысНефтеТрэйд» ЖШС бұл келісімшартта кінәсі жоқ деп нақты көрсеткен.
Ендеше айналдырған жарты жылда ҚР Жоғарғы соты істі бүге-шігесіне дейін зерттеп, шындықтың бетін ашқанын көріп отырмыз. Алайда, Маңғыстау облысының соттары бір жарым жыл бойы қыруар қаражатты қарыз ретінде санап, қылмыстық тергеудің тұтықыны ретінде не үшін көрсетіп келді?
«Меніңше, соттың тарапынан қателік кеткен. Бұл қасақана жасалды ма, әлде кездейсоқтық па? Ол жағын ашып айта алмаймын. Алайда, қызық жағдайлар бар. Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы 2019 жылғы 10 желтоқсандағы шешімінде «БатысНефтеТрэйд» компаниясынан 900 млн теңге өнідірерде кейбір дәлелдерге мән бермеді. Мысалы, біздің серіктестер теміржол цистерналарына мұнайды құюдан өздері бас тартты. Сосын пломб болған соң жүкті не істерлерін білмей сергелдеңге түсті. Осының барлығына қатысты қолында дәлеле бола тұра, «Терминалекс» ЖШС талап арызын ішінара қанағаттандырды. Судья өз шешімімен қарыз мөлшерін 1 млрд 162 млн теңгеден 900 млн теңгеге дейін төмендетті. Алайда, қазіргі заңнама бойынша бұл шаруаны тек кредитор ғана атқаруға құқылы. Ал сот қазысының міндеті талап арызды мақұлдауы керек немесе кері қайтаруы тиіс еді.
Жоғарғы сот Маңғыстау облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2019 жылғы 10 желтоқсандағы шешімі, сондай-ақ 2020 жылғы ақпандағы облыстық аппелляциялық сот бұл шешімді өзгеріссіз қалдырды делік. Бірақ «БатысНефтеТрэйд» мерзімінінен тыс сақталған мұнай үшін 1,1 млрд теңге төлеуі керек еді деп қарасақ, бұл әр тәулік үшін бір тонна мұнайға 1 АҚШ долларын төлеу керек деген сөз. Әрине бұл адам айтқысыз мөлшерлеме», - дейді Әбдіманап Исабаев.
«Terminalex ЖШС-мен келісімшартқа қол қойғанда осындай мөлшерлемемен жұмыс істеуге өздері келіскен бе? Мұндай мөлшерлемемен жұмыс істейік деген келісім әлбетте біздің тарапымыздан болған жоқ. Келісім бойынша жүкті нормативтен жоғары сақтағаны үшін жауапкершілік қарастырылған. Ол жерде нақты көрсетілген. Яғни, мөлшерлеме бойынша нақты есеп бар. Бірақ 1 АҚШ доллары әр тоннаға тәулігіне төленуі тиіс деген пункт келісімшартта жоқ. Біз мұндай қыруар қаражат талап етеді деп елестеткен де жоқпыз», - дейді компания өкілі.
«Біз «Terminalex» пен «Oil Stream» арасындағы келісімдерді де заңды деп ойламаймыз. Бір затты сату үшіңн алдымен оның иесі атануыңыз керек қой. Ал Terminalex ЖШС-нің аталған мұнай өнімдеріне меншік құқығы жоқ екенін біле тұра, сот орындаушысы Аханов ондай қаулы шығаруға асыққан жоқ. Қазір Алматыдағы мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотында біз Terminalex пен «Oil Stream» арасындағы сауда-саттықтың күшін жоюға қатысты талап арыз қаралып жатыр. Ақтау қаласындағы «Terminalex»-ке қарасты өндірістік аймақта шамамен 12 мың тонна мұнай әлі сақтаулы тұр. Ал, Oil Stream компаниясы тағы 26 цистерна мұнай өнімін Түркістан облысындағы Манкент станциясына жеткізіп алған. Ол жерде заңсыз әкетілген біздің мұнайды өңдеу үшін шағын МӨЗ (мұнай өңдеу зауыты) бар. Біздің өкілдер дер кезінде барып, ол мұнайдың заңсыз жеткізілгенін және оны өңдмемеу керектігін екертіп қойды. Біздің ең басты мақсатымыз – «БатысНефтеТрэйд» компаниясына тиеселі 13,7 тонна мұнайды қайтарып алу, - дейді Ә.Исабаев.
Екі бизнестік құрылым үшінші бір тараптың араласуынан соң қаржылық шығынға батты. Енді ол жауапкершілікке тартыла ма деген заңды сұрақ туындайды. Әбдіманап Исабаевтың айтуынша, бұл өте маңызды сұрақтың төңірегінде өте қызықты детальдар бар. Себебі, 2019 жылдың ортасында «БатысНефтеТрэйд» компаниясы Terminalex-ке қарсы сотта жеңіске жетіп, резервуарлардағы мұнайды қайтып алуға қол жеткізген еді. Ол соттың шешімін күшіне еніп, оның орындалуы қалған. Ал, ортадан пайда болған Oil Stream компаниясы үшін ҚТЖ жүкті тасымалдаудан бас тартты. Ұлттық компанияның бұл әрекетіне қарсы арыз түсіруге судья Гаухар Метерқұлованың 2019 жылғы 10 желтоқсандағы шешімі түрткі болды. Ол осыған дейінгі сот қаулысын жоққа шығарғаны мәлім.
Ең қызығы, теміржол тасымалымен айналысатын ұлттық компанияның үстінен 1,9 млрд теңге талап арыз түскен. Оның ішінде «Oil Stream ЖШС» 1,7 млрд теңгесін Terminalex компаниясына бір жылдан артық сақтағаны үшін үстемақы ретінде беруі тиіс болған. Қазір бұл мәселе Нұр-Сұлтан қаласындағы мамандандырылған ауданаралық сотта қаралып жатыр. Ол туралы біз пікір білдіре алмаймыз. Айта кету керек, «Қазақстан Темір Жолы» компаниясының аресте тұрған мұнай өніміне қатысты істе кінәсі жоқ.
«Десе де, аталған екі серіктестік арасындағы дауға нүкте қойылды деуге әлі ерте. Жоғарғы сот араласқан соң біз үшін шешімін таба бастаған іске қатысты екінші тараптың сотқа жүгінуге құқығы бар. «Terminalex» компаниясы биыл 13 қазанда Маңғыстау облыстық сотында қабылданған қаулыға орай аппелляциялық шағым түсіре алады. Сондай-ақ, біз осы сот шешіміне байланысты істің бәрін бастапқы қалпына келтіреміз. Ол үшін келісімшарттарды бұзіп, сот арқылы мұнай өнімдерін өзінің заңды иесі – «БатысНефтеТрэйд» серіктестігіне қайтарудан басқа амал жоқ», - дейді компания өкілі Әбдіманап Исабаев.