2,2 млрд теңге бөлінген 35 шақырымдық жолдың құрылысы үш жылға созылды, бірақ әлі аяқталған жоқ
Елорда маңындағы тұрғындар шағымдарын айтты
Елорда іргесіндегі Жібек жолы ауылының тұрғындары күні бүгінге дейін асфальті төселген тегіс жолға жарымай отыр. Жергілікті жұрттың айтуынша, бөлінген қаражат жыл сайын игерілмей, бюджетке кері қайтарылатын көрінеді. Бұл туралы Facebook әлеуметтік желісінде Динара Барбасова есімді желі қолданушысы жазған болатын.
Осы жазбадан кейін Azattyq Ruhy тілшісі оқиға орнына барып, тұрғындардың шағымын және жергілікті биліктің уәжін тыңдап көрді.
«2019 жылы көше бойындағы инфрақұрылымдық жұмыстардың құрылысы басталды. Барлығы тәп-тәуір жүріп жатты. Жоба құны 2 257,9 млн теңгені құраған. Келісімшарт бойынша мердігер компания 2019 жылдың қазан айында жолды тапсыру керек болған. Бірақ шаруа аяқсыз алып, жол сол күйі пайдалануға берілген жоқ. 2020 жылы да құрылыс жұмыстары тоқтап тұрды. Оның себебі де бәрімізге белгілі болды. Алайда, Ақмола әкімдігінің қатысуымен өткен жиында тұрғындар 2020 жылы 425 млн теңге көлеміндегі соманың бюджетке кері қайтарылғандығы туралы естіді. Ал өз кезегінде әкімдік бұл бағытқа қаражаттың қарастарылмағанын айтқан еді», - деп шағымданды автор өзінің жазбасында.
Аршалы ауданы әкімдігі қысқа шақырымды жолдың желілік жұмысы неліктен осымен үшінші жыл қатарынан кейінге қалдырғанын былай түсіндірді:
«2018-жылдың 12 қарашасында «Халықаралық құрылыс консорциумы» ЖШС -мен 2 млрд 257,9 млн теңгеге келісім жасалды. Желінің жалпы ұзындығы 35 шақырым. Бұл жобада 1, 2 және 4-шағын аудандардағы жол төсеніші қарастырылған. 2019-жылы 1 және 4-шағын аудандарында 23 шақырым асфальт төселді. Жұмыс 2020-жылдың қыркүйегінде жалғастырылды, өйткені азаматтық іс аясында келісімшарттық міндеттемелерді орындауға тыйым салу туралы шешім қабылданған болатын», - дейді әкімдіктегілер.
Әкімдік жұмысты уақытша тоқтатуға не себеп болғанын және аталған уақытқа дейін бөлінген қаражаттың қанша теңгесі игерілгенін айтпады.
«2020 жылдың 3 қыркүйегінде Ақмола облысы бойынша Мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттың шешімімен бұл тыйым алынды. Осыған байланысты 2020 жылғы қыркүйектің үшінші онкүндігінде ерте қысқы суықтың басталуына байланысты асфальт төсеу мүмкін болмады. Асфальт төсеу технологиясында температуралық режимнің талаптарын ескермеу одан әрі пайдалану кезінде көше-жол желісінің тозу төзімділігі сапасына әсер етуі мүмкін. Осыған байланысты нысанды тапсыру мерзімі 2021-жылға ауыстырылды. Биыл 309,173 млн теңге көлемінде қаражат бөлінді. Мердігерлік ұйымның есеп айырысу шотының сот рәсімдерімен жабылуына байланысты биылға бөлінген қаражатты игеруге мүмкіндік жоқ», - деп жауап берді Аршалы ауданы әкімдігі.
Қазір қазан айының келіп жеткенін ескерсек, ауылдың жолына асфальт төсеу биыл да бұйырмайын деп тұр. Оның үстіне, игерілмеген қаражат бюджетке кері қайтарылуы тиіс. Осылайша, Жібек жолы елдімекенінің тұрғындары биыл да батпақты жолмен жүруіне тура келеді. Ал, жергілікті билік бұл мәселенің нақты қашан шешілетіндігін тіпті топшылап та айтпады.
Жалпы, Жібек жолы ауылында қордаланып қалған өзге де инфрақұрылымдық мәселелер баршылық. Мәселен, халықты ауыз сумен қамтамасыз етуге арналған бағдарлама аясында салынған құдықтардың сиқы сын көтермейді.
Тұрғындар жерасты құбырлардың сапасына да алаңдаушылық танытып отыр. Алайда, құбырдан бөлек, мұнда беті ашық жатқан құдықтарға адамның құлап кету қаупі басымырақ.
Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан