$ 518.31  567.96  6.03
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
03.10.2021, 20:21
Қоғам

Жамбыл облысындағы жарылыста жоғалып кеткен әскериді іздеу жұмыстары әлі жалғасып жатыр

Іздеу жұмыстарына 500-ден аса адам тартылған

Жамбыл облысындағы жарылыста жоғалып кеткен әскериді іздеу жұмыстары әлі жалғасып жатыр
Inform.kz

Жамбыл облысында жоғалған әскери Бауыржан Дәуітбаевты іздеу жұмыстары жалғасуда деп жазады ҚазАқпарат.

Іздестіру жұмыстарына 500-ден астам адам тартылды, олардың ішінде Жамбыл облысы Полиция департаментінің, ТЖ департаментінің қызметкерлері, ҚР Ұлттық ұланның 5513 және «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының 91678 әскери бөлімінің әскери қызметшілері, «Орманшылар» азаматтық персоналының өкілдері және туыстары бар. Олар үш топқа бөлінді.

Барлығы 50 техника жұмылдырылды. Арнайы тікұшақ та жұмылдырылды. Іздеу жасақтары таулы жерлерді де шолуда. «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының 91678 әскери бөлімінің қызметшілері іздеуге атпен аттанды.

«Жамбыл облысының әкімінің тапсырмасымен хабар-ошарсыз кеткен жауынгер Бауыржан Дәуітбаевты іздеу шаралары күшейтілді. Іздестіру жұмыстары бірден бірнеше бағытта жүргізіледі және бір сәтке де тоқтамайды», - деді Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Талғат Мамаев.

Жоғалған әскеридің ағасы Марат Дәуітбаев та іздестіруге белсене қатысуда.

«Бірінші іздестіру тобымен бірге жақын маңдағы елдімекендердің аумақтарын әуеден шолып шықтық. Өкінішке орай, іздеу шаралары нәтиже бермеді. Бірақ біз үміт үзбейміз және ағамызды табамыз деген сенімдеміз», - деді ол.

Осыған дейін 26 тамыз күні Жамбыл облысының Байзақ ауданында оқ-дәрі қоймасынан өрт шығып, артынан жарылғаны хабарланған болатын. Оқиғаның салдарынан барлығы 17 адам қаза тапты. Олардың арасында ішкі істер органының қызметкерлері, әскерилер мен төтенше жағдайлар қызметінің өкілдері, әскери прокурор бар. Сондай-ақ бір адам жоғалып, ол іздестіріліп жатқаны жарияланды.

Серіктес жаңалықтары