$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
28.12.2019, 16:58
Қоғам

Сағынтаев әуе апатынан зардап шеккендердің емделуін бақылауда ұстайды

Алматы әкімі қайғылы оқиғадан зардап шеккендерге үздіксіз көмек көрсеткен медицина қызметкерлеріне, дәрігерлер мен психологтарға алғыс айтты

Сағынтаев әуе апатынан зардап шеккендердің емделуін бақылауда ұстайды
Фото: Алматы әкімінің баспасөз қызметі

Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев әуе апатынан зардап шеккен азаматтар жатқан ауруханалардың бас дәрігерлерімен кездесті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Алматы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.

Бүгін қала әкімі Б. Сағынтаев Алматының көпсалалы клиникалық ауруханасының, Балалар шұғыл медициналық жәрдем орталығының, Жедел шұғыл жәрдем ауруханасының, №4 Қалалық клиникалық аурухананың, Орталық қалалық клиникалық аурухананың және жекеменшік «Приват клиникасының» дәрігерлерімен кездесті.

Аталған медициналық мекемелерге Алматы түбіндегі әуе апатынан зардап шеккен адамдар жатқызылды.

«Зардап шеккендерге барлық медициналық көмек көрсетілуде. Ауруханаларда дәрілік препараттардың қажетті қоры қамтамасыз етілген. Тұратын жеріне қарамастан, біз қаланың клиникаларына келіп түскендердің барлығына көмек көрсетеміз», — деп атап өтті қала әкімі Бақытжан Сағынтаев.

Сондай-ақ, қайғылы оқиғаның алғашқы минутынан бастап үздіксіз көмек көрсеткен барлық медициналық қызметкерлерге, дәрігерлер мен психологтарға алғыс айтты.

«Бүгінгі таңда стационарларда 49 пациент бар, оның ішінде тоғызы бала. Ересектер арасында Украинаның екі, Қырғызстанның бір азаматы бар. Кешегі күннен бастап 19 ота жасалған, оның екеуі балаларға жасалды. Зардап шеккендердің барлығы травматикалық шоктан шығарылып, қабылданған шаралардың арқасында жағдайы тұрақтанады. Туыстарымен тұрақты байланыс орнатылды», – деді қала әкімі.

Дәрігерлер, медперсонал және психологтар тәулік бойы жұмыс істеуде. Емделушілерді емдеу үшін қалалық және республикалық ұйымдардың барлық бейінді мамандары жұмылдырылған. Нұр-Сұлтаннан травматолог, нейрохирург, торакальды хирург дәрігерлері келді. Сонымен қатар, бүгін Алматыда нейрохирургия ғылыми орталығының басқарма төрағасы Серік Ақшолақов пен травматология ҒЗИ директоры Нұрлан Батпенов келеді.

Барлық стационарлардың дәрілік препараттары мен қан препараттарының жеткілікті қоры бар.

Алматылықтар қайғыға ортақтасып, қан тапсырды. Кешегі күні қалалық қан орталығында 341 донор, Республикалық қан орталығында 149 донор қан тапсырды. Олардың атына қала әкімі Б. Сағынтаев алғыс білдірді. Қала әкімі Б. Сағынтаев қайғылы оқиғада зардап шеккендерге тез арада сауығып, әуе апатынан қаза болғандардың туған-туыстарына көңіл айтты.

Серіктес жаңалықтары