$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
21.09.2021, 19:53
Қоғам

Солтүстік Қазақстан облысына Ираннан 20 отбасы көшіп келді

Олар негізінен тігіншілікпен, киім, кілем тоқумен айналысады

Солтүстік Қазақстан облысына Ираннан 20 отбасы көшіп келді

Иран мемлекетінен 20 отбасы Қазақстанға оралды. Олардың 14-і теріскейде қоныс тепті. Көшіп келгендердің қатарында 54 ересек пен 18 бала бар. Болашақта тағы да бірнеше отбасы тархихи отанына көшіп келмек, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Қоныс аударушылардың қатарында еңкейген қарт та, еңбектеген бала да бар. Бәрінің аңсағаны -атажұрт. Ираннан Қызылжарға жеткен қандастар Шал ақын ауданының орталығы Сергеевка қаласы және Есіл аудандындағы Николаевка мен Петровка ауылдарында қоныстанады.

«Ашаршылық жылдарында атам отбасымен Иран асып кеткен. Әкем құндақтағы бала екен. Әжеміз жолда қайтыс болыпты. Атам екінші рет үйленген, ұрпағы тараған. Әкем марқұм көзі тірісінде туған елді аңсап өтті. Жол ашылса барыңдар деп өсиет етті. Ата-бабамыз Маңғыстау топырағында тұрыпты. Міне, сол күн бұйырып тұр. Алдымен ұшақпен Ақтауға келдік. Туған жердің топырағына табаным тигенде қатты қуандым. Қазақстан - өз еліміз. Атамекеніміз жақсы қарсы алып жатыр. Отбасыммен келдім. Бала-шаға туған тілін біледі. Әулетіміздің шетел асқанына 100 жыл болған. Дәстүр-ғұрпымызды сақтап келеміз», - дейді Әлиақпар Қазақ.

Әлиақпар Қазақ Есіл ауданының Николаевка ауылында қоныстанды. Елді мекенде 10 отбасыға үй дайындалған. Мемлекетаралық көш Сыртқы істер министрлігі мен Қазақстанның Ирандағы елшілігінің қолдауымен ұйымдастырылды. 54 адамның еңбекке қабілеттілері жұмысқа орналастырылады. Қазір Солтүстік Қазақстанда 1500-ге тарта бос жұмыс орны бар. Әсіресе мұғалім, дәрігер, ветеринар, агроном және техникалық мамандар тапшы.

«Жақсы үйлер дайындалды. Қандастарға жұмыс қарастырылуда. Бұған дейін келгендері еңбек етіп жүр. Болашақта тағы бірнеше отбасы көшіріледі деп жоспарлануда. Нақты саны әзірге белгісіз. Дәрігер, механизатор, дәнекерлеуші, эксковатор жүргізушісі, тігінші сынды қазіргі еңбек нарығына қажет мамандар келіп жатыр. Қатарында өзі ісін ашқысы келетіндер де бар. Олар негізінен тігіншілікпен, киім, кілем тоқумен айналысады. Дені қала тұрғындары. Сауда-саттық саласында жұмыс істеген», - дейді «Отандастар» қорының СҚОФ жетекшісі Арман Сүйіндіков.

БАЛАЛАР ЖАҢА ӘЛІПБИДІ МЕҢГЕРЕДІ

Есіл ауданына қарасты Петровка ауылында 4 отбасына үй берілді. Солардың бірі Мәриям Қазаққа бұйырды. Ол Иранның Горган қаласында туған. Ал ата-әжесі 1930 жылдары солақай саясаттың қудалауынан бас сауғалап Ираннан бір ақ шыққан. Ұрпақтары араға бір ғасырға жуық уақыт салып, атажұртқа оралып жатыр. Жырақта жүрсе де туған тілдерін ұмытпаған.

«25 жыл бұрын әкем қайтыс болды. Ал анамның дүние салғанына биыл 7 жыл. Алыс сапарға шығарда зират басына барып, қоштасып кеттім. Туыстардың барлығы біртіндеп Қазақстанға көшті. Онда ешкім қалмады. Басты мақсатым елге оралу болды. Иранда тұрмысымыз жаман болған жоқ. Тек Солтүстік Қазақстанның ауа райы суық екен. Оған да шыдармыз. Ұрпағымыз туған тілінде сөйлеп, жоғары білім алып, қызмет етсе деймін. Қазақстан жақсы қарсы алды, үй беріп, жәрдемдесіп жатыр. Қай ауылға қоныстандырса да қарсылығымыз болған жоқ, бастысы тарихи Отанға жеттік. Тігін, шаштараз, тамақ өндірісі, сауда-саттық саласында жұмыс істедім. Қазір кез-келген істі алып кетуге дайынмын. Бұл жақта құжаттарымызды рәсімдесек, жұмысқа орналасамыз. Өз кәсібімді ашсам деп армандаймын», - дейді қандас Мәрим Еңбергенқыз.

Мәриям жаңа жерге сіңісіп кету үшін қолдан келгенін істеуге әзір. Балалары Пэдрон мен Парниян парсы тілінде білім алған. 4 сынып оқушылары елге оралған күннен әліппені оқып жүр. Қазақстанға Ираннан келген барлық балалар кирилл қарпін меңгереді.

«Иранның Горган қаласынан келдім.  Ұшақ, пойыз, автобуспен Солтүстік Қазақстанға жетіп тұрмыз. Балаларым Иранда туды. Қазақ болсын деп елге келдік. Табиғаты керемет. Бұған дейін атамекенге келіп көргенбіз. Адам өзі тұратын қаласынан басқасына барса, басқаша күй кешеді. Біз мемлекет ауыстырып келіп тұрмыз. Тарихи Отанымызға келгесін», - дейді Ибрахим Бәли.

Бір қауым қандас Есіл ауданындағы Николаевка ауылына қоныстанды. Оларға да «Еңбек» бағдарламасы бойынша салынған жаңа үйлер берілді. Баспананы рәсімдегеннен кейін құжаттары қолына тиеді. Әкімдіктегілердің айтуынша қандастарға басқа да жағынан қолдау болады. 

«Келген қандастарымыз мемлекеттік «Еңбек» бағдарламасына өтіп жатыр. Әр отбасына 204 мыңнан субсидия беріледі. Өз ісін бастаймындерге қолдау бар. 500 мың теңгеден астам сомада грант түріндегі бастапқы көмек алу мүмкіншіліктері болады. Ол үшін бизнес жоспар дайындауы шарт», - дейді Есіл ауданы әкімінің орынбасары Еділ Тұтқышев.

Ираннан көшіп келгендерді есепке алмағанда, жыл басынан Солтүстік Қазақстанға 32 отбасы көшіп келген. Қытайдан 24, Монғолиядан 3, Өзбекстаннан 3, Ресейдан 2 қазақ отбасылары қоныс аударған. Мамандардың айтуынша, тарихи Отанына оралғысы келетіндер көп. Сондықтан көш әлі де жалғасады.

Эльмира Мәмбетқызы, СҚО

Серіктес жаңалықтары