Күршім өзенінің тағдыры қыл үстінде: журналист Мақсат Толықбай өзеннің қазіргі жағдайын көрсетті
Соңғы жылдары өзеннің суы қатты ластанған

Шығыс Қазақстан облысындағы Күршім ауылының тұрғындары май араласқан лай суды тұтынуға мәжбүр. Белгілі журналист Мақсат Толықбай елдімекендегі Күршім өзенінің қазіргі жағдайын көрсетіп, жергілікті жұрттың жанайқайын жеткізді.
Күршім өзені жергілікті ауыл тұрғындарының басты байлығы. Мұнда олар балық аулап, малын суарып жан бағады. Алайда соңғы жылдары өзеннің суы қатты ластанған.
«Ешқандай сүзгісіз, фильтрсіз осы алтын шайған суды осы жаққа жібереді. Мынау - біздің бала-шағамыз түсетін су. Ауыз суымыз да осы. Мына жерде «Алтай Золото» алтын қазып жатыр. Ол алтын заңды ма, заңсыз ба кім білсін?! Бірақ суды лайлап, бұған не төкпей жатыр? Қазып-қазып кеткен, оны қайта жабу да жоқ», - дейді жергілікті тұрғындар.
Мақсат Толықбайдың айтуынша, бұл жерде тәуелсіздік алған жылдардан бері талай компания алтын қазумен айналысқан. Алайда Күршімнің бүгінгі күйі жаға ұстатарлық жағдайда екен. Өзеннің суы тартылып, төменгі жағының тоғайында тал да қалмаған.
«Судың деңгейі үлкен, айналаның бәрі ну тоғай болған. Қазір енді мына қазылған жерлер ойдым-ойдым боп қалған», - дейді ауыл тұрғыны.
Журналист жергілікті тұрғындармен бірлесіп резеңке қайықтармен алтын қазып жатқан жерге жол тартқан. Видеодан өзеннің бойындағы көптеген ағаштың тамырымен қопарылып тасталған кадрын байқауға болады. Тіпті, судың ағысын да бөгеп тастаған.
«Анық көрініп тұр, өзеннің енін қолдан тарылтып, судың астына дейін қазып жатыр. Жағадағы тастың орнында бұрындары жап-жасыл тоғай болған», - дейді Мақсат Толықбай.
Ауыл тұрғындарының айтуынша, қалған жасыл ағаштар мен қайыңдар да жаппай кесілмек. Осылайша 10 шақырымға созылған тоғай түгелдей оталуы мүмкін. Сондай-ақ, видеода жүк көліктерінің тас тасып, өзен үстінен жол салып жатқаны анық көрінеді.
«Өзеннің басында жатқан бірнеше шланганы көрдік. Алтынды шайып, қалдығын суға ағызып жатыр ма, жоқ әлде керісінше насоспен су алып жатыр ма оны енді айта алмаймын», - дейді Мақсат Толықбай.
Сондай-ақ, жергілікті халық «алтынды сынаппен жуып жатыр» дегенді естіпті. Алайда бұл ақпараттың қаншалықты рас-өтірігін тиісті органдар анықтайды.