$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
06.09.2021, 15:46
Қоғам

Кабул университетінің мұғалімі өзінің қазақ екенін ҚР елшілігіне дәлелдей алмай жүр

Хамит Тадаш Атамекеніне оралғысы келеді

Кабул университетінің мұғалімі өзінің қазақ екенін ҚР елшілігіне дәлелдей алмай жүр
Хамит Тадаш отбасымен бірге, фото: azh.kz

Ауғанстан азаматы Хамит Тадаш өзін Кіші жүздің Таз руынан тараған қазақ ұлтының өкілі екенін айтады. Ол өзінің қазақ екенін он жылдан бері ҚР елшілігіне дәлелдей алмай жүр екен. Бірер күн бұрын оның жақын танысы Facebook парақшасында Хамитке Қазақстаннан туыстарын табу үшін көмек қажет екенін жазды. Azh.kz тілшісі Хамит Тадашпен байланысқа шығып, мән-жайды білген еді.

«Анамның айтуынша, 20 ғасырдың басында отаршылдық саясаты күшейіп, қазақтар қысымға ұшырап, тоз-тоз болған. Біз тұрған Таздар ауылында тірі жан қалмай, барлығы бас сауғалап шет елге қоныс аударған. Сол кезде атамның әкесі Ташмет Қырғызстанға өтіп кеткен. Ол қайтыс болғаннан кейін атамыз Шермет жетім қалып, Ауғанстанға өткен. Сонда тұрдық. Мен Ауғанстанға келген кезде Құндыз деген жерде дүниеге келгенмін», - дейді Хамит. 

Хамиттің өзімен тете екі бауыры Иранға көшіп кеткен. Ал Хамиттің өзі 2002 жылы Кабул университетіне оқуға түсіп, түрік тілі мен әдебиеті пәні бойынша оқып, кейін Анкарадағы Gazi университетінде түрік тілі пәні бойынша білім алған. 2012 жылдан бастап Ауғанстандағы ең үлкен жоғары білім ордасы Кабул университетінің шетел тілдері факультетінде түрік тілінен дәріс береді.

Фотосурет: Хамит Тадаш шәкірттерімен бірге

- 2010 жылы Анкарада жүрген кезімде елшілікке барып Қазақстанға қайтқым келеді дегенімде, олар Ауғанстандағы елшілік жауап береді деді. Ауғанстан елшілігі қазақстандық екеніңді дәлелдейтін ол жақтағы туыстарың болу керек деді.

Хамит Қазақстандағы Таздардың шежіре кітабында атасының есімі кездесіп қалар деп үміттенеді

- Қазақ тілін қалай үйрендіңіз?

- Бұл жақта әкем өзбектермен аралас тұрған соң, тілі де өзбек болып кеткен. Бірақ өзбекшеден сәл айырмашылық байқалады. Бір күні мен біздің сөйлеу мәнеріміз неге өзбектен ерекше деп сұрадым. Сол кезде анам біздің түбіміз қазақ, аталарымыз қиын кезеңде Қазақстаннан қашып келіп, осында қалып қойған. Кіші жүздің Таз руынанмыз деп айтып отыратын еді. Сол кезден бастап мен неге ана тілімді білмеймін деп, қазақша кітаптар оқып, қазақ тілін үйрене бастадым. Ол кезде Қазақстанға көшу ойымда болған жоқ - қазақ тілін бабамның тілі болған соң оған ғашықтықтан үйрендім.

- Ол жақта қазір кіммен тұрып жатсыз, Қазақстанға келіп бауырларыңызды іздеуге мүмкіндік жоқ па?

- Әкем ерте қайтыс болды, мұнда шешем, жолдасым және 5 баламмен тұрамыз. Ұлдарыма да қазақша есім бердім - Білге хан, Санжар, Атабек. Екі жыл бұрын білімімді кеңейту ойымен Қазақстанға аспирантураға тапсырғым келді. Бірақ ол жақта оқу ақысы қымбат. Содан кейін Бішкектегі «Манас» қырғыз-түрік университетіне тапсырып, «түркі тілдері теориясы» мамандығы бойынша онлайн оқып жатырмын.

- Кабулде сізден басқа да қазақтар бар ма?

- Бұл жақта Тахар облысына қарасты Қазақ деп аталатын ауыл бар. Сол жерде тұратын бірнеше қазақ бауырларды танимын. Олардың көбі Ауғанстанға ертеректе көшіп келген, кейбірі ашаршылық жылдарында көшіп келгендердің ұрпағы. Бірақ олар қазақша білмейді. Үйрететін мұғалім жоқ дейді.

- Ауғанстандағы қазіргі жағдай қалай?

- Бұл жақты қазір түгел тәліптер басып алды. Бұрынғыдай үкімет жоқ, халықтың жағдайы нашар. Қаланың есіктері жабық болғасын, сырттан ешқандай азық-түлік келмейді. Банктер де жабық болған соң, халық айлық ала алмай отыр.

Мен жұмыс істейтін Кабул университетін де жауып тастады. Тәліптерден жақсылық күтіп отырған ешкім жоқ, халық үрей мен қорқыныш үстінде отыр. Атамекенге көшкім келеді.

Қазақстанға көшу үшін Хамит Қазақстаннан туыстарын тауып, елшілікке өзінің қазақ екенін дәлелдеу қажет. Оның бар білетіні – руы Кіші Жүз, Байұлының Таз руынан тараған. Әкесі - Шарафуддин, атасы - Шермет, арғы атасының есімі - Ташмет.

Еске салайық, ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Ауғанстанда мыңдаған қазақ бар деген ақпаратты жоққа шығарды. Оның айтуынша, Ауған территориясында 15-ке жуық этникалық қазақ отбасы тұрады.

Серіктес жаңалықтары