«Үйдің шатырына дейін пәтерге айналдырып жатыр»: елорда тұрғындарының шағымы

Мемлекеттік бағдарлама аясында салынған үйде көпбалалы аналар, мүгедектер, жетімдер мен жесірлер, мемлекеттік қызметкерлер тұрады

«Үйдің шатырына дейін пәтерге айналдырып жатыр»: елорда тұрғындарының шағымы
фото: aitu.city

Нұр-Сұлтандағы Амангелді Иманов көшесінде орналасқан нөмірі 42-ші үйдің техникалық қабатында Тұрғын үй-құрылыс кооперативі заңсыз түрде құрылыс бастаған. Ал тұрғындар бұл үйді жылдар бойы кезекпен күтіп, баспанаға «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша қол жеткізген. Тұрғындардың арасында көпбалалы аналар, мүгедектер, жетімдер мен жесірлер, мемлекеттік қызметкерлер тұрады. Олардың айтуынша, техникалық қабаттағы құрылыстың тоқтайтын түрі жоқ.

Azattyq Rýhy тілшісіне берген сұхбатында тұрғындар мәселенің мән-жайын тәптіштеп айтып берді.   

«Техникалық қабат бойынша мәселе 2018 жылдан басталды. Техникалық қабат иегерлері - «Всегда Успех» ЖСК-ның айтуынша, олар кезінде «АССМ» ЖШС-дан техникалық қабатты сатып алған. Дегенмен, үй «Нұрлы Жер» мемлекттік бағдарламасы бойынша салынған, ал «АССМ» ЖШС үйдің мердігері болған. Тапсырыс беруші – әкімшілік. АССМ компаниясы басшысының «алаяқтық» бабы бойынша сотталғаны белгілі. Кейін Астана қаласының прокуратурасы техникалық қабатты сатып алғандардың қарызын, үйдің техникалық қабатын беру арқылы өндіру туралы сотқа арыз жазып, сот оны қолдаған екен.

«Біздің үйіміздің тұрғындарының көбі үйде «сатып алу құқығымен жалдау» деген келісімшарт арқылы тұрып жатыр. Түсінбейтініміз - неге біз коммуналдық жүйесі бұзылған, өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкес келмейтін үйді Үкіметтен сатып алуымыз керек? Тұрғындардың пікірі не себепті екерілмеген? «Всегда Успех» ЖСК 18 тамыздан бастап үйіміздің қабырғаларын сындырып, әр подъезде (техникалық қабатында – ред.) 4 пәтерден үй салып тастаған. Күндіз-түні құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. 9-қабат пен 5-қабат арасындағы тұрғындардың үйінен нашар иіс сезіледі. Вентиляциямыз бұзылған», - дейді 42-ші үйдің тұрғыны Алтын Балабаева.

Жанар Ахметова есімді тұрғынның айтуынша, 42-ші үйдің техникалық қабатында заңсыздықтар болғанымен, оған құқық қорғау органдары еш әрекет етпей отыр.

«Сотта өтініш беруші ҚР Бас прокуратурасы болды. Онда прокуратура жалпы үй мүлкін «Всегда успех» ЖСК-ға әдейі тапсырды. Соның салдары бүгінгі проблемаларға ұрындырып отыр. Ең әділетсіздігі, бұл іске 42-ші үйдің тұрғындары қатысқан жоқ, яғни, тұрғындардың пікірін ешкім ескерген жоқ. 2018 жылдың 18 тамызынан бастап олар техникалық қабатқа еніп, құрылысты бастап кетті. Техникалық қабатты «АССМ-01» ЖШС басшысы болған, Е.А.Смағұловтан сатып алды. Қазір Смағұлов аса ірі көлемде алаяқтық жасағаны үшін түрмеде отыр», - дейді Жанар Ахметова.

Тұрғындар сотқа жүгініп, нәтижесінде «Всегда успех» ЖСК-ға техникалық қабатты қайта жабдықтауға, құрылыс жұмыстарын жүргізуге тыйым салынғаны туралы шешімге қол жеткізген. Алайда, құрылыс жүргізіп жатқан Тұрғын үй-құрылыс кооперативі (Всегда успех) соттың шешімін елемейтін көрінеді.

«Бұл адамдар заңды күшіне енген сот шешімін де елемейді. Құрылысты жалғастырып жатыр! Техникалық қабат пәтер салуға арналмаған! Біз «Иманов көшесі 42» мүлік иелерінің бірлестігін құрдық. Техникалық қабат пен жертөле үшін күресеміз», - дейді Жанар Ахметова.

Айта кетерлігі, техникалық қабатқа ешкімді кіргізбейді. Тіпті, тұрғындардан құралған Мүлік иелері бірлестігінің жетекшісі де өз үйінің техникалық қабатына қадам баса алмайды.

«Бүгін-ертең кез келген пәтерде апаттық жағдай болған жағдайда Жетекшінің жедел көмектесу мүмкіндігі жоқ. Ал, әкімшілік болса бір-біріне сілтеумен айналысуда. Дегенмен, біздің қаншама рет жазған хатымыздың арқасында, ГАСК 3 қыркүйекте тексерісті прокуратураға тіркеп, 6 қыркүйектен бастап тексеру жүргізетінін айтты. Тексеріс дұрыс жүргізіледі деген сенімдеміз», - дейді Алтын Балабаева.

Айта кетерлігі, Байқоңыр аудандық төтенше жағдайлар басқармасы 2019, 2020 жылдары техникалық қабатты тексеріп, өрт қауіпсіздігі нормаларының бұзылып отырғандығын, техникалық қабатта құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқанын, техникалық қабат тікелей міндеттерін орындамай отырғанын анықтаған. Алайда, бұл заң бұзушылық тоқтатылмаған. Тек қана айыппұл салынған.

«Техникалық қабат бұзылмаса екен дейміз. Біздің үйде қаншама мүгедектер, көпбалалы аналар, жетімдер мен жесірлер, мемлекеттік қызметкерлер тұрады. Осы үйді алу үшін қаншама жыл күттік. Үйіміз балаларымыз үшін қауіпсіз болса екен», - деп, тұрғындар Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінен үш жыл бойы күресіп келе жатқан әділетсіздіктің тоқтауын сұрады.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.