«Әкесіне шақ киім». Қазығұртта балаларға берілген мектеп формасының тапсырысын орындаған мердігер жауап беруден қашты
Әр балаға 27 656 теңгеден жұмсалған
Кешеден бері әлеуметтік желілерде Түркістан облысында көпбалалы ананың ұлдары асыға күткен мектеп формасының өлшемі бір емес, бірнеше есеге үлкен болып шыққан. Ал қыздарына киім-кешек сол күйі кешеуілдеп жеткен. Осылайша балалар қыркүйектің алғашқы күнінде мектепке емес, білім басқармасына баруына тура келді.
Оқу жылы ның басталғаны кеше, бірақ Қазығұрт ауданының білім бөлімі сынға ұшырады. Қақпақ аулының тұрғыны Гүлшат Вафаеваның айтуынша, киімдер өзі көрсеткен өлшемге сай келген, тек олар балаларға емес, ересектерге арналған болып шыққан.
«Нарықта киімдердің өлшемі әртүрлі, яғни ол киімнің стандарттарына және оны шығаратын фирмаларға байланысты. Біз бір жарым жыл бойы онлайн оқығандықтан, былтыр киім алған жоқпыз. Сондықтан, мен екі жыл бұрын алған формадан бір-екі өлшем үлкеніне тапсырыс бердім. Балалардың киімі мен көрсеткен өлшемдермен келді. Бірақ олар балаларға емес, ересектерге арналған киімдер. Аяқ киімдері де үлкендерге арналған», - дейді Гүлшат Вафаева.
Гүлшат Вафаеваның айтуынша, 3 тамыз күні оған балаларының оқуға дайындығына бір реттік АӘК ретінде 250 мың теңге тағайындалған. Көпбалалы ана аудандық білім басқармасына барып, аталған көмектің қалай үлестірілетінін сұраған.
«Олар маған 1 қыркүйекке дейін балалар жаңа мектеп формасымен және оқуға қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілетінін айтты. Алайда мен мектеп формасын 31 тамыз күні түнгі сағат 1-де алдым. Киімдерді ашып қарасақ, өлшемдері ересек адамдарға арналған болып шықты. Оның үстіне тек ұш ұлымның ғана формасы келген, ал қыздарымның киімі кеше берілді», - дейді көпбалалы ана.
Гүлшат Вафаева Қақпақ ауылында өзі сынды 22 көпбалалы ана бар екенін айтады. Олардың да балаларына әперген мектеп киімі кең болып шықты.
Айта кететін жайт, мектеп формаларын сатып алу жұмыстарымен тендерді ұтып аған мердігер айналысады. Алайда, киімнің қайдан және қандай өндіріс фирмасынан алынатынына ата-ана араласпайды. Бұл ретте көпбалалы ана мамандарға өз ұсынысын білдірген екен.
«Мен ешкімге кінә таққым келмейді. Бірақ мұндай мәселе бірінші рет туындап жатқан жоқ. Мен аудандық білім басқармасына бір емес, үш мәрте барып айттым: «Маған бір әлеуметтанушы бөліп беріңіздерші, сонымен бірге барып тиісті сомаға киімдерді таңдап алайық. Яғни, ата-аналар осы мәселеге тікелей өздері қатысса дұрыс болар еді» дедім. Сол кезде ешкім киім өлшемінен қателеспейді», - дейді Гүлшат Вафаева.
Бүгінде бұл мәселе толық шешімін тапты. Аудандық білім бөлімі барлық баланың киімдерін шақ етіп ауыстырып бергенін хабарлады. Бұл туралы Facebook қолданушысы Әсел Әбілбектің осы мәселеге қатысты жазған жазбасына берілген ресми жауапта айтылды.
«Қазығұрт ауданының адами әлеуетті дамыту бөлімі, Гүлшат Вафаеваның жетінші баласының киім өлшемін анасы мектеп әкімшілігіне берген. Анасының сұранысы бойынша мектеп формасымен қамтылған. Жоғарыда көрсетілген жағдайға байланысты, «Қазығұрт ауданының адами әлеуетті дамыту бөлімі, Вафаева Гульшат Фархадовнаның 7-баласының киім өлшемдерін анасы мектеп әкімшілігіне берген. Анасының сұранысы бойынша мектеп формаларымен қамтылған. Жоғарыда көрсетілген жағдайға байланысты, «Ащыбұлақ» жалпы орта метебінің қоймасына барып, барлық киімдері ауыстырылып, шақ етіп берілді», - деп жазылған пікірде.
Аудандық білім бөлімінің Адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Асан Үйсінбаевтың айтуынша, биыл Қазығұрт ауданында 3 514 бала бірреттік атаулы әлеуметтік көмектің арқасында мектеп формасымен және оқуға қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіледі. Қазір 2 278 оқушы бұл көмекпен толықтай қамтылған. Әр балаға берілген сома көлемі 27 565 теңге. Оның 20 000 теңгесі мектеп формасына, ал қалғаны құрал-жабдыққа жаратылуы тиіс.
Azattyq Rýhy тілшісі анықтағандай, тендерде бұл тапсырысты ұтып алған мердігер «ИП Назаров Б.К» деп аталады. Алайда кәсіпкер Назаров Бижан осы мәселеге қатысты пікір білдіруден қашқан сыңайлы. Телефонмен хабарласқан сәтте, кәсіпкер мектеп формаларын «Серпер» атты өндіріс орнынан алғанын айтты. Ал артынша кимінің өлшемі мен сапасы туралы сұраққа «жолдамын, сөйлесуге ыңғайсыз» деген себеппен жауап берген жоқ.
Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан