Қорғаныс министрлігі жарылыстан зардап шеккен прокурордың не үшін есікте жатқанын түсіндірді

Жарылыс 26 тамызда Жамбыл облысы Байзақ ауданында болған еді

Қорғаныс министрлігі жарылыстан зардап шеккен прокурордың не үшін есікте жатқанын түсіндірді

Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы жарылыстан зардап шеккен әскери прокуратураның аға прокуроры Нұрбек Көшековтің төсегі есіктен жасалғанын бұған дейін жазған болатынбыз. Ол Тараз қаласындағы әскери госпитальда ем қабылдап жатыр. Қорғаныс министрлігі науқастың төсегі неліктен есіктен жасалғанын түсіндірді.

Министрлікке қарасты Тараз гарнизоны баспасөз қызметінің жетекшісі Дина Мухаринованың айтуынша, Көшеков жатқан әскери госпиталь мамандандырылған аурухана емес, мұнда омыртқасы сынған науқастар үшін арнайы төссек-орын қарастырылмаған.

«Ол сол түні Тараз қаласының әскери госпиталіне түскен. Ауыр омыртқа жарақатын алған Нұрбек шұғыл аурухана жатқызылды. Госпитальдегі жұмсақ төсектер оның омыртқа жарақатына арналмаған. Оған арнайы үстіңгі қабаты қатты төсек керек. Госпиталь мамандандырылған аурухана емес, онда хирургия, терапия бөлімшелері ғана бар. Нейрохирургия жоқ.

Рентген нәтижелері мен бірнеше процедуралар оның өміріне төнген қауіптің жоқтығын растады. Осылайша Нұрбекті қалалық ауруханаға апару маңызды емес болғандықтан, оны үстіңгі қабаты қатты металл есікті төсектің үстіне қойып, денесін қозғалтпау үшін сонда жатқыздық», - дейді Д.Мухаринова.

Оның айтуынша, қазір Нұрбек Көшеков тиісті ем-дом қабылдап жатыр, жағдайы бірқалыпты, өзі жүре алады. Тек екі ай бойы үздіксіз емделуі қажет. Емі аяқталған соң тағы 6 ай оңалту жұмыстары жүргізіледі.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.