Нұр-Сұлтанда бір күнде 30-ға жуық мекеме карантин талаптарын бұзған
Шектеу шараларын елемеген нысандар әкімшілік жауапкершілікке тартылды
Елорданың мониторингтік топтары тәулік бойы күшейтілген режимде жұмыс істейді. Күн сайын олар қаланың жүзден астам кәсіпкерлік нысанын тексеріп, санитарлық нормалар мен карантин талаптарын ондаған мекеме бұзғанын анықтайды, деп хабарлайды Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайты.
21 тамызда қаланың 29 мекемесі шектеу шараларын сақтамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Байқоңыр ауданында карантин режимін "Табыс", "Porta fortuna" мейрамханалары, "Тортуга", "Панаехали", "Мята", "Barrus" барлары бұзды.
Ал Сарыарқа ауданында орналасқан "Қарақат" кафесінде, "Чили гриль", "Sky smoke" кальянында және "Джентельмен клаб" массаж салонында карантин талаптары бұзылғаны тіркелді.
Карантиндік шектеулерді бұзушылар тізіміне Алматы ауданының 10 кәсіпкерлік нысаны енді. Олардың қатарында "Мико" кафесі, "Shygys Juldyzy" мейрамханасы, "В дрова" бары, "Рыба моей мечты" караоке-бары, Егінді көшесінде орналасқан коттедж, "Тема", "Арена" компьютерлік клубтары, "Мята" бары, "Janym Soul", "Sova" караоке-клубтары бар.
"Панаехали", "Tequila" барларында, "Veranda" жазғы террасасында, "Baoli" лаундж-барында, "Zoloto", "Carreta", "MILLIONAIRE", "Рабия" мейрамханаларында, "Алания" караоке-клубында белгіленген жұмыс режимі сақталмаған.
Айта кетейік, тәртіп бұзушыларға қатысты жиналған материалдар әкімшілік шаралар қабылдау үшін санитарлық-эпидемиологиялық бақылау саласындағы уәкілетті органға тапсырылды.
Естеріңізге сала кетейік, елордада эпидемиологиялық ахуал тұрақты емес, коронавирустың таралуының одан әрі өсуіне жол бермеу үшін қала қонақтары мен тұрғындары, сондай-ақ кәсіпкерлік нысандары санитарлық нормалар мен шектеу шараларын қатаң сақтауы керек.