$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
22.08.2021, 09:45
Қоғам

Қорғаныс министрлігі Іле ауданындағы әбден тозығы жеткен әскери қалашықтың неліктен жөнделмей келгенін түсіндірді

Министрлік нысанды Алматы облысы әкімдігінің балансына өткізгісі келеді

Қорғаныс министрлігі Іле ауданындағы әбден тозығы жеткен әскери қалашықтың неліктен жөнделмей келгенін түсіндірді

Бұған дейін Алматы облысы Іле ауданындағы әскери қалашықтың қирағалы тұрғанын жазған болатынбыз. Редакцияға хабарласқан тұрғындар үйлердің апатты жағдайда екенін, Қорғаныс министрлігі тарапынан күрделі жөндеудің жүргізілмей жатқанын айтып шағымданған еді.

Осы жайтқа байланысты Қорғаныс министрлігі жауап қатты. Ведомство өкілдерінің хабарлауынша, аталған қалашықтың салынғанына жарты ғасыр болған. Сондықтан ғимараттар тозып, инфрақұрылымның істен шығуы заңды құбылыс дейді.

«2019-2020 жылдары Қорғаныс министрлігі жылу трассасына ағымдық жөндеу жүргізіп, қалашықтағы жарықтандыруды қалпына келтірді және екі тұрғын үйдің шатырына жөндеу жүргізді.

Әскери қалашықтың құрылыс объектілеріне қызмет көрсету жұмыстары мен регламенттік жөндеу тұрақты түрде жүргізіледі. Қалашыққа ағымдық жұмыстарды жүргізетін сантехник, электрик бекітілген», - делінген министрліктің берген жауабында.

Алайда, 2021-2022 жылдарға бөлінген қаражатты Қорғаныс министрлігі пандемияға байланысты кері қайтарып алыпты. Қазіргі таңда ведомство аталған қалашықты облыс әкімдігінің балансына өткізбекші.

«Түймебаев кентіндегі әскери қалашық жабық немесе оқшау болып саналмайды. Кей пәтерлер жекешелендірілген, сондықтан жеке меншік болып табылады. Осы орайда, 2020 жылдан бастап Қорғаныс министрлігі аталған әскери қалашықты Алматы облысы әкімдігінің балансына беру бастамасын көтеруде. Бұл өңірлік бағдарламаларға сәйкес қалашықтың құрылыс объектілерін күтіп ұстауға және онда қызмет көрсетуді жүзеге асыруға мүмкіндік берер еді», - деді министрлік өкілдері.

Еске салайық, бұған дейін осы қалашық тұрғындары өздерінің қараусыз қалғанын айтып, Қорғаныс министрлігінен БАҚ арқылы көмек сұраған.

Серіктес жаңалықтары