ШҚО-да бірнеше ауыл тасқын судан мал азығын дайындай алмай отыр
Ал, еліміздің батыс өңірлері қуаңшылықтан зардап шегуде
Шығыс Қазақстан облысы Көкпекті ауданына қарасты бірнеше ауыл тұрғындары жергілікті биліктен ескі дамбаны жөндеп беруін талап етуде. Ауылдағы өзен арнасы көтерілген уақытта су басқа арнаға түсіп, шөп шабуға үлкен кедергі келтіреді екен.
Мамай ауылынаның жанында орналасқан ескі бөгеттің істен шыққанына ұзақ уақыт болған. Аталған бөгет су деңгейі көтерілген жылдары үлкен өзеннің арнасын екінші арнаға бұру үшін қолданылып келген екен. Осыған дейін судың зардабын Мамай, Нұра, Үлгілі ауылдарының тұрғындары тартып келген.
«Үлкен шлюзды ертеректе су алып кеткен. Көктемде су көтерілсе айтарлықтай проблема туындайды. Суды каналға жіберу үшін өз күшіміз жетпейді. Салдарынан шабындықты су шайып кетеді. Кейде тіпті шөп шабуға мұрша келмей қалатын кездер болады. Жергілікті әкімдікке талай айттық. Бірақ одан еш нәтиже шығып жатқан жоқ. Қыстық жем-шөбіміз аз. Ертең жұт біздің өңірге де келе ме деп уайымдап отырмыз», - дейді Мамай ауылының тұрғыны Серікхан Күйеубаев.
Шлюздың бүгінде қаңқасы ғана қалған. Сойдйып темірлері ғана тұр. Бір кездері бір өзеннің арнасын бұратындай шамасы болған. Біршама кең. Айналасы құм толтырылған қаптарға толы. Соған қарағанда бөгетке ауылдан еңбек күші жұмылдырылған тәрізді.
«Аудан әкімдігі бөгетті қайта қалпына келтіріп берсе дейміз. Өзіміз қаражат жинап тұрғындарды жұмылдырдық. Бірақ көктемгі судыңдың тебіні еңбегімізді еш қылды. Жинаған ақшамыз да суға кетті. Әкімдік әне-міне деп әлі жүр. Ауыл тұрғындары жылда бөгет жасаудан жалықты. Қолдан келер басқа амалымыз болмай тұр. Үлкен техникалық күш керек. Бір-екі қап құмды төсеп шешіле салатын мәселе емес», - дейді Серікхан Күйеубаев.
Аталған ауыл тұрғындарының негізгі күнкөріс көзі – мал шарауашылығы. Малдың қыстық жем-шөбін жинау қазір үлкен проблемаға айналған.
«Ауыл малмен жан бағып отыр. Енді қысқы жем-шөп жинаймыз. Қайта биыл су көтерлген жоқ. Әйтпесе жылда шаппада су жататын. Уақытында шаба алмай қалатынымыз тағы бар. Кейде су деңгейінің қайтқанын күтіп жүргенде күзгі жауын-шашын басталып, шөбімізді талай шірітіп алғанбыз. Шіріген шөпті мал жемейді. Қазір жем-шөптің бағасы да шарықтап тұр. Сатып алуға жағдайымыз келмейді. Бөгет жөнделсе Мамай, Нұра, Үлгілі ауылдарында ең негізгі проблема шешілер еді», - дейді ауыл тұрғыны.
Аудан әкімдігі бұл проблемадан хабардар екенін айтты. Тек оны шешу үшін қаражат жоқ дейді.
«2019 жылы астанадағы «Қазсушарға» аудан бойынша жөндеуді қажет ететін дамбалардың тізімін бердік. Барлық құжатты өткіздік. Аудан бойынша 27 мың гектар жер бөліп, жоспарға енгіздік. Мамай ауылының дамбасы да осы жоспарда. Бірақ барлығы қаржылық мәселеге тіреліп тұр, әзірге қаражат қарастырылмады», - дейді аудан әкімінің орынбасары Дәурен Бақытжанұлы.
Таунар Қайратұлы, Шығыс Қазақстан облысы.