«Шариғат заңына қайшы емес». Дінтанушы вакциналау жайында айтты
Дінтанушы вакцинаны халал немесе харам деп бөлу дұрыс еместігін айтты
Дінтанушы, ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі, ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитеті философия, саясаттану және дінтану институтының жетекші ғылыми қызметкері Алмасбек Шағырбай Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингт діндарларға вакциналану туралы қауесеттер мен болжамдардың әсер ететінін айтты.
А. Шағырбай екпеден немесе қан құюдан бас тартатын азаматтардың, керісінше, діннен бас тартатынын, соның салдарынан адам өлімі болатынын атап өтті.
«Исламда адам өмірі мен денсаулығынан жоғары құндылық жоқ деген пәтуа бар. Сондықтан әркім өз денсаулығына ерекше назар аударуы керек. Алла Тағала адамның өзіне сақтануды бұйырады. «Сақтансаң – сақтаймын» деген нақыл осыны білдіреді», - дейді дінтанушы.
Алмасбек Шағырбай мұсылман ғалымдардың, егер адам өлім мен өмір арасында тұрса, оны ажалдан құтқару үшін кейде тыйым салынған әрекеттерге де баруға болады деген қағидаларын еске салды. Өйткені, мұндағы басты мақсат – адам өмірін сақтап қалу.
«Вакцинаға діни тұрғыдан тыйым салынған ештеңе жоқ. Оны халал немесе харам деп бөлу дұрыс емес», - деді А. Шағырбай.
Алматылық сарапшы діндарларды теріс қауесетке сенбеуге, тек медициналық мамандар берген әрі расталған ақпаратты зерделеуге шақырды. А. Шағырбайдың айтуынша, коронавирус инфекциясынан қорғану үшін денсаулықты сақтау, витаминдерді қабылдау және екпе алу қажет.