Алматыда нейроонкологтар жоғары технологиялық ота жасады
Науқастың жағдайы жақсы, ол үйіне шығарылуы мүмкін
Алматыдағы Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының онколог-нейрохирургтары омыртқадағы ісікті алдыру бойынша жоғары технологиялық ота жасады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
41 жастағы науқас онкологтарға асқынған арқа ауруы туралы шағыммен келген. Арқасындағы ісік себебінен науқастың жүруі және, жатуы қиындық туғызған. Бұған дейін ол Алматыдағы түрлі ауруханаларға жүгінген, бірақ оған операцияны тек ҚазОжРҒЗИ жағдайында ғана жүргізуге болатын.
«1980 жылы туған науқастың 3-ші бел омыртқасы ісікпен зақымданып, компрессиялық сынумен асқынған. Ісік процесі жұлынның тамырларын қысып тастаған, бұл пациентте жүру кезінде қатты ауырсыну тудырған, сол себепті науқас ақсап жүрген, ұйықтай алмағандықтан үнемі ауырсынуды басатын дәрі ішкен. КТ-да біз омыртқаның толық зардап шеккен денесін көрдік. Ісікті алып тастау және зақымдалған омыртқаны арнайы металл конструкцияларының көмегімен қалпына келтіру үшін хирургиялық араласу – спондилодез жасау туралы шешім қабылданды. Ісіктің өзі қатерлі немесе қатерсіз ісікті анықтау үшін гистологияға жіберілді», – деді ҚазОжРҒЗИ нейроонкология орталығының нейроонколог-хирургы Айдар Ысқақов.
Спондилодез - бұл өте жоғары дәрежелі арнайы құралдарды қолданатын жоғары технологиялық операция. Хирургиялық араласу рентген сәулесінің едәуір дозасын қолдану арқылы жүзеге асырылады, сондықтан хирургтар арнайы қорғаныс қорғасын жабдықтарында жұмыс істейді.
«Бірінші кезеңде пациенттің осін қалпына келтіру және омыртқаның қысылуын жою үшін транспедикулярлық бекіту жасалады. Содан кейін омыртқаларға арнайы бұрандалар орнатылады, олардың арасында титан құрылымы бекітіледі. Мұның бәрі рентген бақылауымен, портативті рентген қондырғысының көмегімен жүзеге асырылады. Операцияның ұзақтығы 3 сағатқа жуық. Қазіргі уақытта науқастың жағдайы жақсы болғандықтан үйіне шығаруға дайындап жатырмыз», - деді орталық меңгерушісі Берік Исатаев.
Жоғары технологиялық және қымбат тұратын спондилодез операциясы ҚазОжРҒЗИ-да оған мұқтаж барлық пациенттер үшін қолжетімді. Ол үшін емдеуге жатқызу порталы арқылы жолдама алу қажет.