«Кафе қожайындарына шамаң жетпейтінін білемін». Таразда өткен тойға әкімдіктің қатысы бар ма?
Автордың айтуынша, той 1 тамызда болған
Осыдан бірер күн бұрын белгілі журналист Жасұлан Әбдіхалық Facebook желісінде Таразда жасырын өткен бір тойға қатысты жазба қалдырды.
«Жылқыбаев басқаратын қалалық әкімдіктегі сорақылықтың шектен шыққаны соншалық, айтуға сөз таппай отырмын. Бұл оқиға 1 тамызда болған. Он күннен бері жылы жабуға жанталасып жатыр. Қалалық прокуратура да, қалалық полиция да хабардар. Екеуі де әкімдіктің өз ішіндегі былыққа араласпаған. Қалай болған? 1 тамыз күні өзбек әкәлар басқаратын «Ай Жұлдыз» тойханасында той болып жатыр деген хабар естіп, мобильдік топтың екі мүшесі, яғни қалалық әкімдіктің қарапайым екі қызметкері сол жерге барып, тойды тарқатпақ болады. Алайда кафе қожайындары қарсылық танытып, мониторинг топтың мүшелері өздерінің ортақ чаттары арқылы көмекке шақырады», - деп жазды Жасұлан Әбдіхалық.
Автордың сөзіне сенсек, той өтіп жатқан мейрамханаға артынша қалалық әкімнің кеңесшісі мен аппарат басшысы келген. Қонақтарды тарқатып, тойды тоқтатудың орнына лауазымды тұлғалар мониторинг тобының өкілдерін кері қайтармақ болған көрінеді.
«Өз қызметкерлеріне көмектесудің орнына, кафе қожайындарымен және оларды қоршап тұрған охранник жігіттермен құшақтасып амандасып, екі қызметкерді құрбандыққа шалып жібереді. «Міне осы екі стукач. Чатқа жазып шулатып, той болып жатқанын жариялап жіберді» деп оларға скрин көрсетеді. Одан кейінгісі кинодағыдай. Өздерін осы кафенің крышасымыз деп таныстырған охранник жігіттер мобильдік топ мүшелерінің жағасынан алып, көлікке күштеп тығады. Екіншіден, «бұл кафенің маңына жоласаңдар, аяқтарыңды сындырамыз, өлтіреміз» деп екі жас баланы әбден қорқытып, киімдерін жыртып тастайды. Сұмдығы - осы оқиғаның барлығын өздерінің тікелей басшылары кино көргендей қарап тұрады. Ол аздай, сол күні түнде екі қызметкердің біреуінің үйіне барып, тағы қорқытады. «Бұл оқиға туралы біреуге тіс жаратын болсаңдар, өлдіңдер» дейді», - деп жазды автор.
Сондай-ақ, Жасұлан Әбдіхалық өз жазбасында бұл жайттан қала басшысы Ержан Жылқыбаевтың хабардар екенін айтқан.
«Бұл сұмдықты Жылқыбаев беске біледі. Оқиғаның ертеңіне-ақ прокуратура мен полицияға хабар берілген. Алайда екі жас қызметкер қорыққаннан арыз жазбаған. Сонда қалай қалалық әкімдік мониторинг топтың мүшелерін тойды тоқтатыңдар деп өздері жібереді, өздері кафені крышавать етеді. Ана екі баланың не жазығы бар? Сол екеуіне кесірім тимесін деп әзірге аты-жөнін көрсетпедім», - дейді журналист.
Автор қала әкімінің мейрамхана иелеріне шамасына жетпейтініне сенімді. Сондықтан да ол мұндай былықтан кейін «шаһар басшысы өз орнын босатуы керек» деген пікірде.
Тараз қаласында өткен жасырын тойлардың бірінде болған келеңсіз жайтты құзырлы органдар анықтап жатыр. Бұл туралы Жамбыл облыстық прокуратурасының ресми өкілі мәлімдеді. Алайда, мән-жайды ашып айтқан жоқ.
Ал, қалалық әкімдік аталған тойға мониторинг тобының да, әкімдік өкілдерінің де барғанын растап отыр. Алайда жаға жыртысып, күзетшілердің күш көрсеткенін жоққа шығарды.
«1 тамыз күні «Ай жұлдыз» мейрамханасына 2-ші мониторинг тобы кезекті рейдке шыққан. Той иелерінің тойды тоқтатуға қарсылық білдіріп, қаулыны орындаудан бас тартуына байланысты топ мүшелері өз әріптестерін көмекке шақырған. Осы кезде басқа мейрамханада түсіндіру жұмыстарымен жүрген әкімдік қызметкерлері «Ай жұлдыз» мейрамханасына барып, той тоқтатылады. Карантин талаптарын сақтамай, отбасылық іс-шара жүргізген «Ай жұлдыз» мейрамханасына №2 мобильді топ мүшелері С.Сұлтанов пен Н.Аманмұраттың тарапынан хаттамалық акт толтырылған. Мейрамхана қожайыны З.Тамтыбаев актімен танысқаны туралы қол қойып берген. Мейрамханаға әкімдік қызметкерлері келген уақытта мониторинг топ мүшелеріне қатысты қоқан-лоққы көрсету іс-әрекеті болмаған. Мониторинг тобының мүшелері тарапынан құқық қорғау органдарына арыз түспеген», - деп хабарлады қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.
Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан