Сот қылмыс үстінде ұсталған шенеунікті ақтап шықты
ШҚО-да бұрынғы басқарма басшысы 4 млн теңге көлемінде пара алды деп айыпталған еді
Өскемен қаласының № 2 соты ШҚО Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының бұрынғы басшысы Марат Мұсатаевты ақтау туралы үкім шығарды. Айыпталушы бұған дейін белгі салынған ақшаны беру үстінде ұсталған.
Шенеунік 2019 жылдың 18 наурызында аса ірі көлемде, яғни 4 млн теңге пара алды деген күдікпен қамауға алынған болатын. Бұл операция ШҚО жемқорлыққа қарсы қызмет мамандарының жетекшілік етуімен жүзеге асқан. Олар күдіктіні қолындағы белгі салынған ақшасымен таксиде қолға түсірген.
Айыптаушы жақ Марат Мұсатаевтың алаяқтық бабы бойынша күдікке іліккенін айтады. Ол лауазымын асыра пайдаланып, конкурсты жеңіп алған «Нарын-Сервис» ЖШС директоры Нығмет Шаухиннен 4 млн теңге көлемінде пара талап еткен. Бұл ШҚО-ның Алтай қаласындағы екі көшені орташа жөндеуге бөлінген қаражаттың 10 пайызы.
Басында жәбірленуші экс-шенеунік оның қыр соңынан қалмай, ақша талап еткенін айтқан болатын. Алайда, Шаухин сот отырысы кезінде бұл сөзінен бас тартқан. Ол Мұсатаевпен бірнеше рет кездескенін растап, өзі конкурсты ұтып алғандықтан, облыстық ведомство басшысына «алғысын» осылайша білдірмек болғанын мойындаған. Ал лауазымды қызметкердің үстінен пара беру туралы арыз жазуға ШҚО жемқорлыққа қарсы қызмет мамандары кеңес берген көрінеді.
Аталған қылмыстық іс бойынша сот бірнеше айға созылды. Судья кәсіпкер мен шенеунік арасындағы барлық телефон қоңырауларының аудиожазбасын тыңдады. Алайда, заң өкілдері қылмыс белгілерін анықтай алмаған.
Өскемен қалалық № 2 сотының шешімі бойынша Марат Мұсатаевтан аса ірі көлемде пара алды деген айып алынып, экс-шенеунік ақталып шықты.
Сот шешімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.