ШұғылЕлімізде коронавирустың таралу қарқыны бәсеңдеді

«Санымыз 19 млн-ға жетіпті, ендеше халық санағы не үшін қажет?»

Биыл Қазақстанда халық санағы қыркүйек айында басталады

Коллаж: Нұрсұлтан Жорабаев

Қыркүйек айында елімізде үшінші рет халық санағы жүргізіледі. 2020 жылға жоспарланған ұлттық санақ пандемияға байланысты кейінге шегерілді. Екі күн бұрын ғана ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның 19 миллионыншы тұрғынын құттықтады. Аталған мәлімдемеден кейін көптеген қазақстандықтар «бюджет қаржысынан 9 миллиард теңге бөліп, халық санағын жүргізудің қажеті қанша?» деп жазып жатты.

Аталған сұрақты Azattyq Rýhy тілшісі «Ұлттық халық санағы-2021» ресми өкілі Олжас Сайлайубекұлына қойған еді. Ресми өкілдің айтуыныша, халық санағы – бұл елдегі халық өмірінің экономикалық, демографиялық және әлеуметтік аспектілері бойынша, оларды экономикалық болжау, жұмыспен қамту саласындағы саясатты айқындау, әлеуметтік бағдарламалар құру үшін, сондай-ақ мемлекеттік билік органдарының функцияларын орындау, бүкіл қоғамды ақпараттық қамтамасыз ету үшін пайдалануға болатын ауқымды деректер алуға мүмкіндік беретін айтулы және ауқымды іс-шара.

«Халық санағы не үшін қажет деген сұраққа толығырақ тоқталар болсақ, санақ нәтижесі экономикалық және бюджеттік бағдарламаларды жоспарлау және дамыту үшін қажет, яғни құрылыс және баспаналарды бөлу, демографиялық және көші-қон процестері, білім, денсаулық сақтау салаларында және жұмыс орындарын құру бағдарламаларын дамытуға көмектеседі. Халық санағы жұмыс орындары туралы, ал бизнес үшін маңызды және нақты соңғы тұтынушы туралы толық сипаттама береді. Халық санағына қатысқан әрбір азамат мемлекеттік әлеуметтік бағдарламаларын жоспарлауға және әзірлеуге салмақты үлес қосады», - деді маман.

Ал Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының мәліметінше,  санақ 10 жыл ішіндегі Қазақстан Республикасында болған экономикалық, демографиялық және әлеуметтік өзгерістерді көрсетеді.

«Халық санағының қорытындысы жалпы ел бойынша, қалалық және ауылдық жерде және өңірлік бөліністе жынысы мен жасы, неке жағдайы, ұлттық құрамы, азаматтығы, ұстанатын діні, білім деңгейі, тілдерді меңгеруі, үй шаруашылықтарының (және отбасылардың) саны мен көлемі, тұрғын үй жағдайлары және басқа да сапалық және сандық белгілері бойынша халық санының құрылымындағы өзгерістер сияқты халықтың демографиялық және әлеуметтік-экономикалық дамуында өткен 10 жыл ішіндегі Қазақстан Республикасында болған экономикалық, демографиялық және әлеуметтік өзгерістерді көрсетеді. Сондай-ақ, санақ нәтижелері үй шаруашылықтарының жағдайларын, некелік-отбасылық қатынастарды жақсарту, мүмкіндігі шектеулі адамдардың өмірін, халықтың тұрғын үй жағдайларын жақсарту бойынша мемлекеттік бағдарламаларды әзірлеу үшін, сонымен қатар білім, жұмыспен қамту, туу және көші-қон мәселелері бойынша шешімдерді қабылдау үшін қажет», - делінген Статистика комитетінің баспасөз қызметінің жауабында.

Қазақстандағы халық санағының жиынтық бюджеті - 9 078,172 миллион теңге (2018 жылдан бастап 2023 жылдар бойынша).

Қазақстан Республикасы халық санағының жылдар бойынша бюджеті (млн теңге).

Ұлттық санақтар департаментінің халық санағы әдістемелер басқармасының басшысы Жанар Елеуқызы биыл өтетін санақтың бұрынғылардан айырмашылығы интернет желісі арқылы өтуінде дейді.

«Биылғы санақ интернет желісі мен планшет арқылы өткізілетін болады. Планшеттермен интервьерлер үй-үйді аралап, тиісті ақпараттарды толтырады. Жаңа технологияларды енгізу аясында жұмысқа тартылатын санақ персоналдарының санының азаюы. Былтырғы жылы 73 мың адамды құраса, биылғы жыл 34 мың адам. Санақ персоналдары жұмыспен қамту орталықтары мен еріктілер, технологияны қолдана алатын жұмыссыз жастар тартылады. Бүгінгі таңда 17 аймаққа 27 412 планшет сатып алынды. Қосымша күш персоналдар, уәкілдер мен интервьюерлерге атқаратын қызметтеріне қарай еңбекақы төленеді. Қаражат республикалық бюджеттен қарастырылған», - деді ол.

Айта кететіні, елімізде алғашқы санақ 1999 жылы жүргізілген. Ондағы нәтиже бойынша халық саны 14 миллион 900 мың адамды құраған.

1999 жылғы және 2009 жылғы санақ қорытындылары бойынша дайындалған анықтамалықтар, жинақтар, баспасөз хабарламалары, мақалалар және басқа да статистикалық, талдамалық және ақпараттық материалдар Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің www.stat.gov.kz сайтында қолжетімді.

Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан