«No pets, no children». Балалы отбасыларға жалға алатын пәтер табу неге қиын
Баспанасыз жүрген, пәтерінен шығып қалған көпбалалы отбасылар жайлы
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» соңғы рет берген мәлімет бойынша, Қазақстанда 304 269 адамның меншігінде екі және одан да көп пәтер бар. Сондай-ақ, республикада 290 адамның 10 және одан да көп пәтері бар.
Алайда, олардың басым көпшілігі дерлік пәтерін жалға берерде балалы отбасылардан ат-тонын ала қашады.
3 баланың әкесі, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Асыланбек Сүндетов бір айға жуық пәтер таппай, бұл мәселемен бетпе-бет келгенін айтты.
«Балалы отбасыларға жалға пәтер табу өте қиын. Мысалы, біз 20 күн бойы іздедік. Оның бір-ақ себебі бар: көбі баламен жібермейді. Телефонмен хабарласып, пәтер туралы сұрайын десең, бірден «балаң бар ма?» деп сұрайды. Сосын телефонға жауап беретін адамның көбі - риелторлар. Ақыры, біз 20 күннен соң пәтер таптық. Әрине, басында ол да келіскен жоқ. Риелторлар арқылы сөйлесіп, кездесіп, әрең дегенде келісті. Ай сайын 150 мың төлейміз. Елордада қазір одан төмен баға жоқ. Жыртылып, сызылып жатса, бөлмедегі жапсырма қағаздың бәрін ауыстырып беремін деді. Әр үйде екі-үш баладан бар ғой. Қазақта баласыз отбасы жоқ. Олар қорқа ма, әйтеуір шектеу қояды», - деп, мәселенің мән-жайын айтты.
6, 4 жастағы және жасқа толмаған үш баланың әкесі қоғам үш бұл мәселенің өзекті екенін айтты.
«Еуропаланып бара жатырмыз, бұл сол фактордың белгісі деп, айқайлап айта алмаспын. Дегенмен, қазақ үшін келмейтін үрдіс. Бұл мәселе әрбір екінші қазақ отбасының басында бар», - дейді ол.
Белгілі әлеуметтанушы Салтанат Оразбекова жасанды урбанизация осы қатарлы бірнеше өзекті мәселенің туындауына себеп болып отырғаныни айтты.
«Әрине, тұрғын үй қазіргі таңда Қазақстанда - ең өзекті мәселенің бірі. Нақтырақ айтқанда, елорда халқы үшін маңызды. Себебі, үлкен қалаларда тұрғын үй қымбат. Екіншіден, тек астаналарда, үлкен шаһарларда ғана жаңа үйлер салыну үрдісі бар. Ауыл, аудандарда тұрғын үйдің тұрғызылмауына байланысты адамдар тек қалаларға ағылып жатыр. Тіркеліп, мемлекеттік бағдарламаларға қатысып, пәтер алуға болады деп санайды. Соңғы кезде БҰҰ баяндамашылары «тұрғын үй финансализациясы» мәселесін көтеріп жүр. Яғни, тұрғын үйді әлеуметтік игілік түрінде емес, тауар, байыту, инвестизация түрінде қарау және оның салдарынан адамдардың тұрғын үй құқықтарының бұзылуына алып келеді», - дейді Салтанат Оразбекова.
Маманның айтуынша, осы ретте мемлекеттік және мемлекеттік емес бағдарламаларды талдау және оларды практикада іске асыру азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету проблемасының бірқатар себептер бойынша ұзақ мерзімді сипатқа ие екенін көрсетеді.
«Мемлекеттік бағдарламалардың шектеуші шарттары ретінде адамдардың төлем қабілеті мәселесін назардан тыс қалдырмау қажет. Бұл фактор жылдан жылға өзгеріп жатыр. Мысалы, бұрынғы бағдарламаларда ең төменгі күнкөріс деңгейінің еселенген мөлшері 2,7 болса, 2020 жылы 3,1-ге жетті. Ал қазір 2021 жылы 3,7 еселенген мөлшерін көрсетті. Яғни, бұл жерде әр отбасының бұл бағдарламаға қатысу үшін 101-270 мың теңге көлемінде күнкөріс деңгейі көрсетілуі керек екен. Қазір көбінің табысы өте төмен, бұған сай келмейді. Сондықтан бұл бағдарламаға қатыса алмайды», - дейді әлеуметтанушы.
Маман бұл тақырып турасында Қазақстандағы Парламентаризмді дамыту қоғамдық қорының қолдауымен жуырда зерттеу жүргізілгенін айтты.
«Балалы отбасыларға келер болсақ, пәтер жалдаушы мен қожайынның арасында келісімшарт жасау ұығымының болмауы салдарынан олар жалға алатын пәтерді айлап іздеуге мәжбүр. Көп пәтер беруші қорқады. Тәжірибеде дәлелдендей, пәтердің тазалығына нұқсан келеді. Шетелдік тәжірибені алар болсақ, қосымша депозит ұғымы бар. Яғни, пәтерді жалға алушы пәтерақысымен қоса, депозит ретінде көлемді сома береді. Пәтерге нұқсан келсе, сол ақшаны алып қалады. Бізде осындай бірізді жүйе жоқ. Салдарынан балалы отбасылар, әсіресе, көпбалалы отбасылар пәтер жалдай алмайды. Жалдаса да, гигиеналық талаптарға сәйкес келмейтін, ыстық суы жоқ жеке үйлерді, саяжайларды жалдауға мәжбүр болады. Контейнер, саяжайларда тұратын көпбалалы отбасылар мәселесі осы ретсіздік салдарынан туындап отыр. Яғни, біздің қоғамда баламен пәтер жалдауға рұқсат жоқ деген сөз жоқ, тек жаңағы пәтер келісімшартының жоқтығы мәселесі бар», - деді маман.
Салтанат ханымның айтуынша, қазіргі таңда «жеткілікті тұрғын үй құқығы» деген тақырып көтеріліп жүр. Яғни, пәтері жоқ, айырылып қалған немесе жалдаған пәтерінен шығып қалған адамдарға шартсыз тұрғын үйдің мемлекет тарапынан берілуі мәселесі қазір назарға алынды. Алайда, оның нақты қашан шешілері тек биліктің еншісінде.
Айта кетерлігі, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» берген ақпаратқа сәйкес, Қазақстан бойынша екі және одан да көп пәтері бар азаматтар Қарағанды (59,8 мың адам), Шығыс Қазақстан (43,4 мың адам) және Павлодар (33,2 мың адам) облыстарында тұрады. Ал Түркістан (шамамен 3,5 мың адам), Қызылорда (3,3 мың адам) облыстары және Нұр-Сұлтанда (2,1 мың адам) мұндай көп пәтерге қожайындар саны аз.
Сымбат Ғалымжан, Нұр-Сұлтан