ШұғылҚазақстанда COVID-19 вирусын жұқтырғандар саны 870 мыңнан асты

Қазақстандық әнші әлеуметтік желі арқылы шетелдік азаматпен танысып, қарызға батып, баспанасыз қалды

Үйсіз-күйсіз қалған Әсем Айнақұлова қазір анасының сіңілісінің үйінде тұрып жатқанын айтты

скриншот: instagram.com/assem_aynakulova/

Әнші Әсем Айнақұлова әлеуметтік желі арқылы шетелдік жігітпен танысып, артынша қарызға белшесінен батты. Өнер иесі тапқан-таянғанын криптовалютаға құйып, алаяқтың арбауына түскен. Бұл туралы әнші өзінің Instagram парақшасында айтты.

Әсем Айнақұлова шетелдікпен сәуір айында Tinder қосымшасында танысқан. Өзінің есімін Джони деп көрсеткен жігіт Гонгконгтан екенін айтып, қазір Алматыдағы консулдықта жұмыс істейтінін жазған. Желі қолданушылары өзара ағылшын тілінде сөйлескен. Сондай-ақ, жас жігіт халықаралық криптовалюта платформасына инвестиция құюмен айналысатынын айтқан.

«Мен бұл тақырыпты ешқашанда зерттеген емеспін. Биткоин туралы естігенім бар, алайда оның не екенін және оны қалай қолданатынын білмейтінмін. Кейбір елдерде ол мүлік ретінде саналады екен. Бірақ менің білуімше, Қазақстанда ол заңдастырылмаған.

Арада бірнеше күн өткеннен кейін ол маған тағы да хабарлама жазып, инвестициясынан 700 доллар табыс тапқанын айтты. Мен ол үшін қуанышты екенімді білдірдім. Мен ешқашан өзім білмейтін салаға ақша құю туралы ойлаған емеспін. Алайда, ол маған осы салада қомақты қаражат табуға болатынын айтып, біз сол тақырып аясында жиі сөйлесе бастадық», - дейді Әсем.

Әнші пәтерін кеңейтіп, көлігін ауыстыруды жоспарлап жүргендіктен тәуекелге бел буып,  криптовалюта сервисіне алғашқыда 100 доллар аударған. Көп ұзамай шотындағы виртуалдың ақшаның құны 130 долларға жеткен. Одан кейін Әсем тағы да ақша аударып, 300 долларының шамамен 700-ге жеткенін аңғарған.

«Біраз уақыттан кейін ол маған кредит алуды ұсынды. Ал құйған ақшаны кез келген уақытта шешіп алуға мүмкіндігім бар екенін айтты. Осы уақытқа дейін мен тіпті кердитке тауар да алған адам емеспін. Алайда бұл жолы бірінші рет несие алдым. Алған кредитімнің сомасы 920 000 теңгені құрайды. Сәйкесінше мен құйған 3 мыңға жуық доллар санаулы күннің ішінде 7 мың долларға дейін өсті», - дейді әнші.

Жігіттің қулығы мұнымен бітпеген. Келесі ретте ол Әсемге көлігін сатқызып, су жаңасын алуды ұсынған. Осылайша келіншек мамыр айының соңында «Hyundai Santa Fe» темір тұлпарын 8 200 долларға сатып, барлық соманы виртуалды шотқа құйған екен.

«Мен қолма-қол ақшадан тезірек құтылып, криптовалютаны сатып алуға асығып жүрдім. Күндіз де, түнде де ойымда тек сол болды. Көлігімді сатпай тұрып, бұл жігіт туралы мен анама айттым. Анам оған күдікпен қарады. Өйткені біз сол уақытқа дейін бейнеқоңырау арқылы сөйлескен емеспіз. Оған анамның сенімсіздікпен қарайтынын айтқаннан кейін, ол менімен бейнеқоңырау арқылы байланысқа шығатынын айтты. Алайда хабарласқан кезде мен оның дауысын естімедім, сөйтсем ол дайын видеоны қосқан екен. Осылайша анам екеуміз оның қармағына іліндік», - деді Әсем Айнақұлова.

Бұдан кейін Әсемнің анасы Ұлжан Айнақұлова да криптовалютаға қызығушылық танытып, қызы мен анасы кейде күнде, кейде аптасына бірнеше мәрте онлайн қызметке инвестиция құйып отырған екен. Көп ұзамай Әсемнің анасы Талдықорғандағы үйін сату туралы ойлай бастапты.

«Мен алдымен көлік сатып алуды көздедім. Алайда алаяқ жігіт күте тұруымды өтінді. Ал одан кейін біз маусым айының басында Талдықорғандағы үйімізді саттық. Ол кезде де ақша қолымызға түсер-түспестен бірден криптовалюта сатып алуға жүгірдім. Сол күні кешке менің шотымдағы ақша 17 мың долларға дейін өсті», - дейді видео авторы.

Әсемнің айтуынша, жас жігіт оны өзінің жылы сөзімен баурап алған. Тіпті махаббатын мойындап, 12 маусым күні екеуі кездесуді жоспарлаған екен. Алайда ешқандай кездесу болмаған.

Сондай-ақ, 11 маусымда Әсем Айнақұлова шоттан 500 доллар шығармақ болған. Алайда ақшаны Джонидің көмегінсіз шеше алмайтынына көзі жеткен. Бірақ мұндай түсініксіз әрекет Әсемнің ешбір күдігін оятпаған.

Ал шілде айында Әсем мен Джони Балиға баруды жоспарлаған. Шетелдік азаматтың арбауына түскен келіншек, оның айтқан әрбір сөзіне сеніммен қараған.

«Екі жылдан кейін біз Хайнянь аралына көшеміз деп шештік. Ал ол уақытқа дейін біраз қаражат жинауды жоспарладық. Тіпті баламды жақсы мектепке беріп, анамды бірге алып кетеміз деп ойластырдық», - дейді Әсем.

Алаяқтың әрекеті мұнымен бітпеген. Жалған аккаунт иесі ендігі кезекте «құрбанын» қомақты сомаға арбамақ болған.

«Ол маған осы жақтан үй алып бергісі келетінін айтты. Артынша маған вилланың фотоларын жіберді.  Белгілі бір уақыттан кейін ол басқаша сөйлей бастады. «Мен Қытайдағы үйіме ақша жинап жатырмын, мүмкін сол вилланы сен сатып аларсың» деді. Мен аң-таң болып қалдым. Ол кезде менің шотымдағы сома шамамен 200 мыңға жуық долларға жетті. Ол маған алдымен Алматыдағы пәтерімді сатуды ұсынды. Өйткені үйді сатып алу үшін қомақты қаражат қажет болды. Осылайша мен Алматыдағы пәтерімді 21 млн теңгеге саттым. Ақша түскен бетте қолыма 1 млн 400 мың теңгені ғана қалдырып, қалған соманың барлығын жалған платформаға құйдым», - дейді әнші.

Әсем Айнақұлова бұл былыққа құбыларын да тартқан екен. Алайда алғашқыда жалған шоттағы ақшасының өскеніне қарық болған қыздар, көп ұзамай бар тиынынан қағылған.

«Біз бәріміз оны құмар адам деп ойлай бастадық. Мен ақшамды тезірек шешіп алу керектігін түсіндім. Менің криптовалютам шамамен 470 мың долларға жеткен еді. Ақшаны шешу үшін қолдау қызметі бізге админге хабарласу керектігін ескертіп, номерін жіберді. Алайда админ ақшаны шешіп алу мүмкін еместігін ескертті. Айтуынша, табыс салығын төлеуім керек. Яғни шамамен 14 мың доллар қажет болды. Осылайша менің қарызға батуыма тура келді. Ақшаны салғаннан кейін де мен бірде бір соманы шеше алмадым. Жұма күні жібердім, ал оларда сенбі-жексенбі демалыс болғандықтан, дүйсенбіні күтуімді өтінді. Тиісінше дүйсенбі күні жағдай өзгерген жоқ. Админ маған тағы 2 пайыз құюым керектігін айтты. Анамның сіңілісі мен оның жолдасының көлігін автоломбардқа қойып, 3 жарым млн теңге алдық. Оның үстіне 500 мыңдай қосып, ақшаны сол платформаға жібердім, артынша картаның нөмірін енгіздім. Бірақ сол күйі ешқандай ақша түскен жоқ», - дейді Әсем.

Осылайша, әбден әбігерге түскен Әсемге платформадан ақшасын шығару үшін тағы да 5 пайыз керек болды. Келесі кезекте ол мәселенің мән-жайын виртуалды әлемде танысқан жігітіне айтып, көмек сұрағанын айтады.

«Осы жағдайды оған айтқанымда, ол менің аккаунтыма 9 мың доллар аударды. Енді қалған 15 мың долларды іздей бастадым. Бұл да аз сома емес. Мен ақшаны шешіп алатыныма сенімді болдым. Мен сол күйі ол ақшаны таба алмадым», - дейді Әсем.

Әнші құйған қаражатын виртуалды шоттың басқа тәсілдері арқылы шығарып көрмек болған. Ол үшін анасына банктен 2 млн, өзі 1 млн теңге көлемінде кредит алып, ақшаны тағы да сонда құйған. Алайда алаяқтың айласынан асып түсе алмаған секілді. Өйткені артынша Әсемнің аккаунты бұғатталған болып шыққан.

Жалған аккаунттың атын жамылған алаяқ 1 шілде күні Астанадан Алматыға келуге уәде берген екен. Алайда, аяқ астынан шаруалары шығып қалғанын хабарлаған. Сол сәттен бастап Әсем Айнақұлова әлгі жігіттің әрекетіне күмән танытып, тіпті бақсы-балгердің көмегіне де жүгінген екен.

«Олар маған оның алаяқ емес екендігін айтты. Тіпті үй аласың деп сендірді. Иә ақымақпын, білемін. Сеніп қалдым, қалай айтсаңыздар да өз еркіңіз. Мұның бәрі бір күнде бола салған жоқ. Бұл кәдімгі психологиялық манипуляция болды. Ол тіпті менің ұлымды «менің балам», анамды «бізің анамыз» деп қамқор, жанашыр адам ретінде түрлі хабарламалар жазып жүрді. Оның тарапынан өте көптеген жылы сөздер айтылды. Меніңше, оның артында үлкен ұйым тұр. Ол сол ақшаның белгілі мөлшерін ғана алатын шығар. Себебі олар көп деп ойлаймын. Олардың дайындығы мықты, меніңше оларды арнайы оқытады», - дейді Әсем Айнақұлова.

Осылайша үйсіз-күйсіз қалған Әсем Айнақұлова қазір анасының сіңілісінің үйінде тұрып жатқанын хабарлады. Өзінің мұндай бейнежазбасы арқылы әнші жел қолданушыларына сақ болу керектгін ескертеді.

Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан