Қазақстанның 5 қаласында карантин қандай шектеулермен күшіне енеді?

Жаңа шектеулер Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Атырау және Қарағандыда енгізіледі

Фото ашық дереккөзден

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой 2 тамыздан бастап еліміздің бес қаласында қандай шектеулер күшіне енетінін айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Жаңа шектеулер Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Атырау және Қарағандыда енгізіледі.

«Кеше ведомствоаралық комиссияның шешімімен аталған өңірлерде 2 тамыздан бастап күшіне енетін қосымша шектеу шаралары бекітілді. Орталық мемлекеттік органдарды, әкімдіктерді, құқық қорғау органдарын, денсаулық сақтау ұйымдарын, БАҚ өкілдерін, азық-түлік дүкендерін, дәріханаларды және тіршілікті қамтамасыз ету ұйымдарын қоспағанда, меншік нысанына қарамастан, Ashyq-қа қатыспайтын барлық кәсіпорындар мен ұйымдардың қызметі тоқтатыла тұрады», - деп хабарлады министр ОКҚ онлайн-брифингінде.

Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы аталған қалаларда ойын-сауық, спорттық және басқа да бұқаралық іс-шараларды, сондай-ақ отбасылық, естелік іс-шараларды өткізуге тыйым салынатынын атап өтті. Мемлекеттік органдардың, офистердің, ұлттық компаниялардың және өзге де ұйымдардың қызметкерлерінің 80 пайызы үшін қашықтықтан жұмыс істеу нысаны сақталатынын айтты  (Бұл вакцинацияланғандар және соңғы 3 ай ішінде ауырып жазылғандарға қатыссыз).

Ashyq-тан тыс мына қызмет түрлеріне рұқсат етіледі: құрылыс жұмыстарын жүргізуге, өнеркәсіптік кәсіпорындардың қызметіне, байланыссыз қызметтер көрсетуге (көлік жуу, автомобильдерді, тұрмыстық техниканы, сағаттарды, телефондарды, компьютерлерді, аяқ киімдерді жөндеу, Тігін ательесі, кір жуу, химиялық тазалау, кілттер жасау, тұрмыстық үй қағидаты бойынша қызметтер және басқалар), гүл дүкендеріне, фотосалондарға, туркомпаниялардың қызметіне, бизнес-орталықтардағы жекелеген қызмет түрлеріне: сақтандыру компанияларына, адвокат, нотариус, бухгалтер және консалтинг қызметтеріне, жылжымайтын мүлік жөніндегі агенттіктерге, жарнама агенттіктеріне, сот орындаушыларына, айырбастау пункттеріне, ломбардтарға, тек жеткізу мен сыртқа алып шығу қызмет түрі негізінде жұмыс істейтін қоғамдық тамақтану объектілерінің қызметіне.

«Сондай-ақ, Ақмола, Алматы, Түркістан, Қарағанды облыстарында халықтың көші-қон жағдайын ескере отырып, Нұр-Сұлтан қалаларымен (Бурабай, Целиноград, Аршалы аудандары), Алматы (Қарасай, Талғар, Іле, Еңбекшіқазақ аудандары), Шымкент қаласы (Сайрам, Төлеби аудандары), Қарағанды (Теміртау, Шахтинск, Абай қалалары) шекаралас аудандарда карантиндік шараларды қатаңдату бойынша ұқсас шаралар қабылданатын болады», - деп толықтырды Алексей Цой.

Жұмыс күндері Ashyq-қа қатысатын субъектілердің қызметі 20.00-ге дейін, Ashyq көшбасшылары үшін 22.00-ге дейін созылды.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.