ШұғылCOVID-19: Қазақстанда өткен тәулікте 7800-ге жуық адамнан вирус анықталды

Алматы облысында 1 млрд теңгеге салынған су жаңа мектептің қабырғалары жарылып жатыр

Оны жөндеуге бюджеттен тағы 15 млн теңге бөлінген

Алматы облысы Панфилов ауданына қарасты Жаркент елдімекенінде бюджеттің бір миллиард теңгесіне салынған мектептің іргетасы бөлініп, қабырғалары жарылып кеткен. Небәрі төрт жыл бұрын ғана пайдалануға берілген білім ордасына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу керек.

Бірнеше жылдан бері қаңырап тұрған жаңа мектепті қалпына келтіруге бюджеттен тағы ақша бөлінді. Өйткені, мердігер мекеме сан сылтаумен созып жүргенде құрылыстың үш жылдық кепілдік мерзімі өтіп кеткен. Ұзаққа созылған даудан кейін жөндеу жұмыстарын ақыры әкімдік өзі қайта жүргізетін болды.

Нысанның жалпы сметалық құжатына әу баста 1 млрд. 21 мың теңге бөлініп, «Алматыкульбытстрой»  мердігер компаниясы жауапкершілкті өз мойнына алған еді. Аталған компания мектептің құрылысына 3 жылдық кепіл мерзім берген.

Қабырғалары сөгілген білім ошағының суреті жұртқа лезде тарап, елді дүрліктірген. Алайда, мектеп қабырғасындағы бұл сызаттар 2019 жылы пайда болған екен.

Осыдан екі жыл бұрын мектептің сыртқы қабырғаларында сызық пайда болған сәтте мектеп әкімшілігінің шағымы негізінде әкімдік, прокуратура және антикоррупция тексеріс жүргізеді. Арнайы мамандардың тексеріс нәтижесінде мектептің кейбір бөлігінде сыртқы сылағы қалың жағылғаны анықталған. Ал, мектептің негізгі қабырғасы қызыл кірпіштен салынған. Ол толықтай талапқа сай, қауіпсіз. Мердігер компания кепілдік негізінде мектептің сыртқы сылағын жүргізіп шығады.

«Екі жыл бұрын қабырғасында сызат пайда бола бастаған білім ордасының бүгінгі келбеті өзгеріссіз, биыл да нысанның керегесінде жарықтар пайда болған. Мердігер компанияның берген кепілдік мерзімі өз шегіне жеткендіктен, жергілікті әкімдік үнемделген қаржыдан 15 млн теңге бөліп, конкурс негізінде ұтып алған құрылыс компаниясы жөндеу жұмыстарын жүргізуде», - деп хабарлады Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Әмірболат Құсайынұлы, Алматы облысы