ШұғылЕлімізде тағы 7778 адамнан коронавирус анықталды

Ақшоқыдағы Құнанбай әулетінің қорымын жел қиратып кетті

Нысан Абайдың 175 жылдығына орай салынған

Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданында соққан қатты дауыл Ақшоқыдағы Құнанбай әулетінің қорымын қиратып кетті. Ақынның 175 жылдық мерейтойына орай былтыр абаттандырылған нысан осылайша бір рет соққан желге шыдас бермеді.

Әлеуметтік желі қолданушылары жөндеу жұмыстарын сапасыз жүргізген мердігердің жұмысын сынға алуда.

«Абайдың 125 жылдығында салынған бірде-бір нысан нөсерден құлаған жоқ. Өйткені әрбір құрылысты ауданның сол кездегі бірінші басшысы Хафиз Матаев тікелей бақылайтын, өзі үлгермей жатса, қоластындағы қызметкерлерге тапсыратын. 50 жыл өтсе де сол нысандар әлі тұр. Жергілікті билік бақыламаған соң мердігерлерге бәрібір», - дейді Абай ауданының тұрғыны Мәлікаждар Жүнісжанов.

Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерей тойынаорай былтыр қорымға әрлеу жұмыстарын жүргізіп, Құнанбай Өскенбайұлының құрметіне музей салынып пайдалануға берілгені ел есінде.

Қатты желден қорым аумағында демалушыларға арналған шатырлы ағаш қисайып, Абайдың әкесі туралы жазылған мәрмәр тас ортасынан қақ бөлініпті.

«Қыруар қаржы желге ұшты. Мен болсам Абайдың екі томдық жаңа үлгідегі жинағын баспадан шығаруға қаржы таппадым. Өз зейнетақыма 100 данасын ғана шығардым. Іштей күйінгеннен басқа қолымыздан не келеді?» - дейді Асан Омаров есімді тұрғын.

Мәдени маңызы бар нысан Семей қаласындағы облыстық өлкетану музейінің қарамағына қарайды. Музей директоры Қайрат Сабырбай нысанды ауданнан қабылдап алғанына небәрі бір апта болғанын айтады.

«Музей тарапынан ауданға хабарладық. Дүйсенбі күні акт жасатамыз. Негізі тапсырыс беруші біз емес. Абай Мәдениет үйі мекемесінен қабылдап алғанбыз. Осы нысан құрылысын жасаған мердігердің кепілдігі бар болса, сол қайтадан жасап береді», - деді Қайрат Сабырбай.

Абай ауданы әкімдігі 2020 жылдың 23 мамырында фейсбук әлеуметтік желісінде Ақшоқы қорымы туралы мынадай қысқаша ақпарат берген болатын:

Ақшоқыдағы Құнанбай әулетінің қорымына 2019 жылдың 1 қазан мен 15 қараша аралығында абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, қайта қоршалып, көркейту жұмыстары жасалды. Қорым орналасқан жердің жалпы аумағы 0,8 гектар. Ақшоқы мекені – жол бойынан 21 шақырым жерде орналасқан. Абайдың әкесі Құнанбай Өскенбайұлы әулетінің және ұрпақтары жерленген қорым 2019 жылдың 19 наурызынан бастап, Абай ауданының Мәдениет үйінің балансына берілді. Қорым республикалық тарихи маңызы бар ескерткіштер тізіміне енгізілді.

Таунар Қайратұлы, ШҚО