$ 498.34  519.72  4.85
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
13.07.2021, 10:03
Қоғам

Алматыда метро құрылысшылары небәрі 50 мың теңге жалақы алып келген

Үкімет болса елдегі орташа жалақы 233 мың теңгеге жеткенін айтып «сүйіншілеген» болатын

Алматыда метро құрылысшылары небәрі 50 мың теңге жалақы алып келген

Жалақының тым аздығынан қарызға белшеден батқан Алматыдағы метро құрылысшылары жалақысының көтерілуін талап етіп бас көтерді деп хабарлайды КТК телеарнасы. Айтуларынша, жер астында ерінбей еткен еңбегіне алатын айлықтары небәрі 51 мың теңгені құрайды екен.

Жұмысшылардың сөзіне сенсек, соңғы 15 жылда олардың жалақысы 15 теңгеге де өспеген. Ақшадан әбден тарыққан олар енді амалсыз осындай қадамға барып отырмыз дейді: егер басшылық еңбекақыны өсірмесе, жаппай жұмыстан кетуге дайын.

«Бізді жұрт жоғары жалақы алады деп ойлайды екен. Қанша жалақы алып жатқанымызды кез келген адамға көрсете аламыз. Азық-түлік бағасы қалай шарықтап барпа жатқанын білесіздер, бұған енді шыдауға болмайды», - деп шуласты жұмысшылар.

Журналистерге жалақы түбіртегін көрсеткен құрылысшылар бет-жүзін төмен қаратты. Сөйтсек, «Алматыметроқұрылыс» компаниясының ең ауыр жұмысын атқаратын азаматтардың айлығы бар-жоғы 76 635 теңге. Зейнетақы мен медициналық сақтандыру қоры, тағы кәсіподақ жарнасын төлегенде, қолға тиетіні небәрі 51 663 теңге. Метро басшылығы айлықтарын 15 жылдан бері 15 теңгеге де көбейтпепті. Елдегі ең ірі мегаполистің метросын салған мамандар азық-түлікті қарызға алып, ал етті тек түсінде көреді екен.

Тоннельдегі құрылысшылардан гөрі, түрмедегі қылмыскерлердің жағдайы әлдеқайда жақсы ма дерсің. Күні бойы жер қазатын 100-ге тарта жұмысшы қуықтай ғана бөлмеде жуынады. Төрт адамға арналған тар моншада түн ортасына дейін ұзын-сонар кезек. Оның өзі қабырғасын көк басып, төбесі құлағалы тұр.

Жұмысшылардың киім ауыстыратын бөлмесін бөлме деп айту қиын. Вагон. Мұнда 200-ге тарта темір шкаф бар. Бірақ жұмысшылар мұнда тек киім ғана ауыстырмайды, осында жуынады, тамақ ішеді. Терезенің барлығы бітеу. Ал жер астындағы жағдай қандай екенін ойлай беріңіз...

«Алматыметроқұрылыс» компаниясының басшылары журналистерге әзірге жауап бермеген. Жұмысшыларға көмектеспек болған жергілікті мәслихат депутаты Есенгелді Талбидинов та коронавирус жұқтырдым деп, үш айдан бері кездесуден «қашып жүр» екен.

Серіктес жаңалықтары