YouTube Серікжан Біләштің бірнеше видеосын өшірді
«Атажұрт еріктілері» YouTube-каналындағы роликтер видеохостинг ұстанымына қайшы келген
Массачусетс технологиялық университетінің MIT Technology Review атты басылымы Шыңжаңдағы адам құқықтары мәселесін көтеретін «Атажұрт еріктілері» YouTube-каналына қатысты мақала жариялады. Биыл маусымда аталған ұйымның каналы алғашында бұғатталып, роликтердің орнына «YouTube қауымдастығының ережелерін бұзғаны үшін жабылды» деген жазба пайда болған еді. Бірнеше күннен кейін бұл канал қайта қалпына келтірілді. Алайда, ондағы алғашқы 12 видеоролик жойылған.
Басылымның жазуынша, жарияланған роликтерде Шыңжаңда тұтқындалған азаматтардың туыстары бастан кешіп жатқан қиындық туралы айтады. Олар сөзінің шынайылығын дәлелдеу үшін жеке куәліктерін және қамауда отырған туыстарының құжаттарын көрсетеді. Ұйымның жетекшісі және белсенді Серікжан Бәліш бұл арқылы ұйымның адал жұмыс істеп жатқанын көрсеткіміз келген дейді.
«Шыңжаңдағы жағдай жайлы халыққа ақпарат аз жетеді, себебі айтылған мәлімдемелер ресми Бейжіңнің ұстанымын қолдаушылар тарапынан сынға ұшырайды. Осы орайда, нақты мәліметтердің болғаны дұрыс», - дейді белсенді.
Ұйымның YouTube арнасында жарияланған видеоларды Шыңжаңдағы ахуал жайлы ақпарат жинау мақсатында халықаралық адам құқықтарын қорғау ұйымдары пайдаланады.
Біріккен Ұлттар Ұйымы болса ресми Бейжіңнің өңірдегі әрекеттерін тікелей адам құқығын бұзу деп таныған, алайда Қытай билігі бұны «экстремизммен күрес» үшін жасалып жатқан шаралар деп ақталуда.
MIT Technology Review-дің жазуынша, 2018 жылы түсірілген осынау видеоларды YouTube бірнеше жыл бойы «түртпей» келген, бірақ аяқасты каналды бщұғаттау туралы шешім қабылданған.
Мәселенің мән-жайын білмек болған басылымға YouTube өкілі: «Біз адам құқықтарын бұзу жағдайлары туралы ақпаратты көрерменге жеткізу бойынша талпыныстарды қолдаймыз. Сонымен қатар, бізде арналараға жеке ақпаратты жариялауға тыйым салатын саясатымыз бар», - деп мәлімдеген. Яғни, Серікжан Біләштің каналының алғашында жабылуына азаматтардың куәліктерін көрсетуі болған болуы мүмкін.
Арна жабылғаннан кейін маусымның ортасында MIT Technology Review басылымының тілшісі YouTube басшылығына сауал жіберген болатын. Кейін платформа өкілі видеоконтентті тыңғылықты саралап шыққаннан кейін арнаны «ескерту» беріп қайта қалпына келтірілгенін айтты. «Біз қазір видеоларды қалпына келтіру үшін адамдардың жеке мәліметтерін өшіру қажеттілігін айтып, арнамен тығыз жұмыс істеудеміз», - деген видеохостинг өкілі электрондық пошта арқылы берген жауабында.
Бұл жайтқа дейін «Атажұрт еріктілері» арнасы екі ай ішінде екі рет видеохостинг тарапынан «страйк» (ережеге қарсы келетін контент үшін берілетін жаза) берілген. Оның себебі – 2018 жылы жарияланған видеоларда жеке куәліктердің көрсетілуі. Оны YouTube платформасы «дискриминация және кибербуллинг» деп сипаттаған. Сол кезде Біләштің арнасының апелляциясы қанағаттандырылмаған болатын. YouTube саясатына сәйкес, 90 күн ішінде үш «страйк» алған арналар толығымен жойылып, қайта қалпына келтірілмейді.